Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдау жасады. Онда бірқатар маңызды мәлімдеме болды. Тоқаев биыл күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынды. Massaget.kz тілшісі Мемлекет басшысының Жолдаудағы ең маңызды мәлімдемелерін жинады.
Президент сайлауын өткізуді ұсынды
Мемлекет басшысы биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынды.
"Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет.
Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын.
Сондай-ақ, мен көп ойланып, Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет деген байламға келдім. Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынамын. Бірақ қайта сайлануға тыйым салынады", - деді Тоқаев.
Ең төменгі жалақы өседі
Президенттің айтуынша, мемлекет ең төменгі жалақыны анықтаудың жаңа әдістемесін енгізеді, ол оның мөлшерін кезең-кезеңімен ұлғайтады.
"Мен ең төменгі жалақыны 60-тан 70 мың теңгеге көтеруді шештім. Бұл 1,8 миллион азаматтың кірісіне тікелей әсер етеді", - деді Тоқаев.
Әйелдердің зейнет жасы өзгереді
Тоқаев зейнетақы жүйесін айтарлықтай өзгерту керегін атап өтті.
"Ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерлемесін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ал ең жоғарысын 120 пайызға дейін жеткізу қажет. Бұрын қабылданған шешімдермен бірге бұл 2025 жылға қарай жалпы зейнетақыны орта есеппен 27 пайызға арттыруға мүмкіндік береді", - деді ол.
Фото: Тұрар Қазанғапов
Сонымен қатар, әлеуметтік сұранысты ескере отырып, әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас болып бекітіледі. Президент бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының тиімді инвестициялық стратегиясын әзірлеу керегін баса айтты.
Қаңтар оқиғасы: бір реттік рақымшылық жарияланды
Қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жарияланды.
"Бізге ел бірлігі ауадай қажет. Ереуілге қатысқандар да, күштік құрылым қызметкерлері де - өз азаматтарымыз. Олар сот әділ өтеді деп қана емес, қоғам кешірімді болады деп үміттеніп отыр.
Мемлекет Қаңтар оқиғасына қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетті. Заң бұзғандардың бірқатары кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отыр. Оларға кешіріммен қараған дұрыс деп ойлаймын.
Сондықтан, мен Қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдадым", - деді Президент.
Видео кадры
"Заңсыз жеткізілген көліктерге қатысты жағдайды реттеу қажет"
Мемлекет басшысы алдағы уақытта көліктерді жеткізудің барлық заңсыз арнасына тосқауыл қою үшін шешуші шаралар қабылдау керегін айтты.
"Бұл ретте биылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген мұндай көліктерге қатысты жағдайды реттеу қажет. Оларды заңдастыру үшін 200-250 мың теңгеден аспайтын мөлшерде утилизация және бастапқы тіркеу үшін біржолғы алым алуды ұсынамын", - деді Тоқаев.
Фото:elements.envato.com
"Есірткіге қарсы күрес жалпыұлттық сипат алуы керек"
Сонымен қатар, Тоқаев нашақорлықпен және есірткі бизнесімен күресу керек екенін айтты.
"Синтетикалық есірткіні тұтынудың өсуі ұлт денсаулығына үлкен қауіп төндіреді.
Кейінгі үш жылда айналымнан алынған "синтетика" көлемі 10 есе өсті. Синтетикалық препараттар жыл сайын арзанырақ және қолжетімді болып келеді. Олар әлеуметтік желілер, мессенджерлер арқылы дерлік еркін сатылады, тіпті үйіңізге дейін жеткізіледі.
Бұл аса қауіпті әлеуметтік аурудың ауқымын ескере отырып, синтетикалық есірткіні өндіру мен таратуға қарсы күрес жалпыұлттық сипат алуы керек. Сондықтан нашақорлықпен және есірткі бизнесімен күресудің кешенді жоспарын әзірлеу қажет", - деді Тоқаев.
Фото:polisia.kz
"Отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды"
Қасым-Жомарт Тоқаев отбасылық зорлық-зомбылық мәселесін қозғап, жазаны қатаңдататын кез келгенін де айтты.
"Отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып жүр. Құқық қорғау органдары бұл ұсыныс дұрыс екеніне күмәнмен қарайды. Себебі мұндай тұрмыстық жағдайларды анықтау оңай емес, яғни осындай оқиғаларды тергеп-тексеру қиынға соғады.
Бұл сөздің де жаны бар. Бірақ қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды. Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет", - деді Президент.
Фото: Әлихан Сариев
"Балалар шотына ақша аударылады"
Президент Жолдауында Балалар жылы аясында "Ұлттық қор - балаларға" жаңа бағдарламасын бастауды тапсырды.
"Әрбір отбасы елдің ұлттық байлығын пайдаланудан нақты қайтарым алуға тиіс. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылы аясында "Ұлттық қор - балаларға" қағидатты түрде жаңа бағдарламасын бастау өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнайы жинақтаушы шоттарына мерзімінен бұрын алу құқығынсыз аударуды ұсынамын.
Кәмелетке толғаннан кейін жинақталған сома тұрғын үй сатып алуға және білім алуға бағытталатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпаққа ересек өмірге нағыз жолдама береді. Қор шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болады және халықтың мүдделеріне қызмет ететін болады. Осы ауқымды бастаманы тыңғылықты пысықтау қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосуды тапсырамын", - деді Тоқаев.
Фото: Тұрар Қазанғапов
"100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек"
Қасым-Жомарт Тоқаев 100 мың жасқа жұмыс берілуі қажет екенін айтты.
Президент жастарға жан-жақты қолдау көрсету - мемлекеттің басты міндетінің бірі екенін атап өтті.
"Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді", - деді Тоқаев.
Фото:elements.envato.com
"Мектеп формасын қолжетімді ету маңызды"
Тоқаев Жолдауында мектеп формасын барлық оқушыға қолжетімді ету маңызды екенін айтты.
"Мектеп формасын барлық оқушыға барынша қолжетімді ету аса маңызды. Әлеуметтік тұрғыдан әлсіз саналатын кейбір топтағы балаларға оны бюджет есебінен беру керек деп санаймын. Мектеп формасын сатып алуға берілетін нысаналы мемлекеттік тапсырыстар отандық жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бағытталуы тиіс", - деді Президент.
Сонымен қатар, Тоқаев жаһандық ғылыми-техникалық прогресті ескере отырып, орта мектепте жаратылыстану-математика пәндерін және ағылшын тілін оқытуды күшейту маңызды екенін баса айтты.
Фото: Тұрар Қазанғапов
"Біресе жанар-жағармай, біресе шекер жетіспейді"
Тоқаев Үкіметтің жұмысында қайта-қайта олқылықтар болып жатқанын айтты. Ол 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бергенін айтты.
"Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек. Бізде әлі күнге дейін битум тапшы. Бұл ірі көлемде мұнай өндіретін ел үшін, тіпті ұят жағдай. Үкімет осы мәселені түбегейлі шешуге тиіс", - деді Президент.
Фото: Ақорда баспасөз қызметі
Президент Үкіметтің жұмысында қайта-қайта олқылықтар болып жатқанын айтты.
"Біресе жанар-жағармай, біресе шекер жетіспейді. Осының бәрі Үкіметтің нақты шешім қабылдауға келгенде өте баяу қимылдап, батыл қадам жасай алмауынан болып отыр. Мұндай жағдайға азаматтардың да көңілі толмайды. Әрине, бұл - орынды. Сондықтан, дәл осылай жалғаса берсе, тағы да нақты кадрлық шешімдер қабылдауға тура келеді", - деді Президент.
"Самұрық-Қазына" қорында өзгерістер болады
Қасым-Жомарт Тоқаев "Самұрық-Қазына" қорында қандай өзгерістер болатынын айтты. Тоқаев "Самұрық-Қазына" қоры экономиканың негізгі секторларын бақылау үшін жеткілікті мажоритарлық пакетке ие инвесторға айналып келе жатқанын мәлімдеді.
"Қордың басқа активтері мен акциялары, оның ішінде "Халықтық IPO" тетігі арқылы жекешелендіріледі.
"Самұрық-Қазына" бірлескен инвестор ретінде жеке инвесторлар жүзеге асыра алмайтын аса маңызды жобаларға ғана қатысады. Мұндай жобаларды Президент анықтайды", - деді Мемлекет басшысы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!