- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Президент сайлауы: тағы...
Президент сайлауы: тағы бір кандидат ОСК-ға құжат тапсырды
Жұматай Әлиев президенттікке кандидат ретінде ұсынылды. Оның кандидатурасы туралы құжаттар Орталық сайлау комиссиясына тапсырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2022 жылғы 10 қазанда Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 54 және 55-баптарына, сондай-ақ "Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған кезектен тыс сайлауы бойынша сайлау құжаттарының нысандарын белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2022 жылғы 23 қыркүйектегі № 67/545 қаулысына сәйкес Жұматай Әлиевтің "Халық демографиясы" қоғамдық бірлестігінен Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат болып ұсынылғаны туралы келесі құжаттары ұсынылды:
1. "Халық демографиясы" қоғамдық бірлестігінің жоғары органы отырысының Қазақстан Республикасының президенттігіне ұсыну туралы хаттамасынан үзінді;
2. Ж.Әлиевтің Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат болуға келісімі туралы өмірбаяндық деректері қоса берілген өтініші;
3. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасының енгізілгенін куәландыратын құжат;
4. Жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
5. Жоғары білімі туралы дипломдарының көшірмелері.
Айта кетейік, бұл - оның түсіп жатқан екінші саяси додасы.
2019 жылдағыдай бұл жолы да оның кандидатурасын "Халық демографиясы" ҚБ ұсынды.
Өткен сайлауда Әлиев қазақ тілі емтиханынан сүрінген болатын. Мамандар "Мемлекет және дін" тақырыбындағы оның шығармасынан 19 қате тапқан. Комиссия үміткердің жауаптарын жан-жақты талқылай отырып, ол мемлекеттік тілді толық меңгермеген деген қорытындыға келген.
Жұматай Әлиұлы Әлиев 1952 жылы 20 маусымында Жамбыл облысында дүниеге келген. Ленинградтың мемлекеттік университетін, Алматы халық шаруашылығы институтын тәмамдаған, философ, экономист. Философия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы ӘҒА академигі, ХАА академигі.
2001 жылдан 2008 жылға дейін Әлиев Қазақстан халқы Ассамблеясында түрлі лауазымдарда қызмет атқарған. Сондай-ақ, ол Мәжіліс депутаты да болған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Г. Досымшалова