Президент сән-салтанатты өмір мен “жеңіл ақша“ культін дәріптеу дұрыс емес екенін айтты

Президент сән-салтанатты өмір мен “жеңіл ақша“ культін дәріптеу дұрыс емес екенін айтты
Фото: Midjourney

Мемлекет басшысы бүгінгі журналистер ұлтты өркениетке жетелейтін ағартушылық жолдағы шамшырақ болуы керек екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президент БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөз сөйледі. Қасым-Жомарт Тоқаев сән-салтанатты өмір мен "жеңіл ақша" культін дәріптеу дұрыс емес деген пікірде.

"Өйткені бұл өскелең ұрпақты адастырып, олардың дүниетаным құндылығы мен өмірлік мұратына теріс ықпал етеді. Жастар медиакеңістіктен ысырапшылдық пен мәнсіз ырду-дырдуға толы алдамшы өмірді емес, керісінше жасампаз еңбектің, адал табыстың, ішкі мәдениеттің нағыз үлгісін көруі керек. Бүгінгі журналистер екі маңызды рөлді қоса атқаруға тиіс: яғни олар шындықты боямасыз көрсететін айна, сонымен қатар, ұлтты өркениетке жетелейтін ағартушылық жолдағы шамшырақ болуы керек. Қазір біз біртұтас ұлт болып, өркендеген, заманауи, яғни озық мемлекет құрып жатырмыз. Бірақ бұл төл құндылықтарымызды ұмыту деген ұғым емес. Біз жұртымызға тән игі қасиеттерді жаңғырта түсуіміз керек. Мұны азаматтарымыз, әсіресе, жастарымыз терең түсінуі қажет", - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, мәдениеті жоғары елдің әлемдегі мәртебесі де, беделі де биік болары айқын.

"Ал нағыз мәдениет үйде де, түзде де әдеп сақтау, көпшілік ортада өзін дұрыс ұстау, басқа адамдарды құрметтеу, сыйлау сияқты қарапайым қағидалардан басталады. Қазақ халқы әдептен аттамаған, әрдайым үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген. Жақынына жанашыр көзбен қарап, жығылғанға демеу, сүрінгенге сүйеу болған. Біздің шынайы болмысымыз – осы. Сондықтан адамның ар-намысына нұқсан келтіретін, қауіпсіздігіне қатер төндіретін кез келген әрекетке жол бермеу қажет. Біз озық ел ретінде қоғамда салт-дәстүрімізге негізделген өркениетті этикалық нормаларды орнықтыра түсуіміз керек. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Осы бағыттағы жұмысты күшейту – айрықша маңызы бар міндет. "Қалам елді түзейді" деген сөз бекер айтылмаған. Осы орайда, біз сіздерге – журналистер қауымына зор үміт артамыз. Ақпарат саласының қызметкерлері қашанда ұлт сапасын жақсартатын құндылықтарды дәріптеу ісіне белсене атсалысуы қажет", – деді Президент.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget