ҚР Президентінің іс басқармасы өкілдері жаңадан сайланған депутаттардың жалақысы туралы сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Басқарма өкілдерінің сөзінше, депутаттардың жалақысына қатысты мәліметтер таралуы шектеулі ақпаратқа жатады және жария етілмейді.
"Осыған қарамастан, депутаттардың еңбегіне ақы төлеу жүйесі "Мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын барлық органдар үшін қызметкерлерге еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекіту туралы" Үкіметтің 2017 жылғы 16 қазандағы № 646 қбп қаулысымен реттеледі. Лауазымдық жалақы деңгейі жұмыс өтіліне байланысты", - делінген Massaget.kz тілшісінің ресми сауалына берілген жауапта.
Сонымен қатар, Президент іс басқармасы өкілдері депутаттарға берілетін қызметтік үйлер жайлы айтты. Басқарма мәліметінше, депутаттар үшін қызметтік тұрғын үй "Нұрсая - 1" және "Нұрсая - 2" тұрғын үй кешендерінде беріледі.
"1-, 2-, 3- және 4-бөлмелі пәтерлер бар. Парламент палаталарының депутаттары арасында қызметтік тұрғын үйді тиісінше Парламент Палаталарының әрқайсысының тұрғын үй комиссиялары бөледі.
"Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Конституциялық заңға сәйкес республика астанасынан тыс жерде тұратын депутаттарға олардың өкілеттік мерзіміне мемлекеттік тұрғын үй қорынан өтеусіз пайдалану шарттарымен және заңнамада белгіленген нормалар бойынша абаттандырылған және жиһаздалған тұрғын үй беріледі", - дейді басқарма өкілдері.
Сондай-ақ, Президент іс басқармасы өкілдері жаңадан сайланған депутаттарға берілетін қызметтік көліктер жайлы түсінік берді.
"Қазақстан Республикасының астанасы шегінде Парламент депутаттарына автомобиль көлігімен қызмет көрсету Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 16 қаңтардағы № 2775 өкімімен бекітілген Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарына автомобиль көлігімен қызмет көрсету тәртібі туралы Ережеге сәйкес жүзеге асырылады. Оларға емдеу-сауықтыру және санаторий-курорттық қызмет көрсету Республика Президенті белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады", - делінген ресми хабарламада.
Депутаттарға қызмет көрсету бойынша қосымша жағдайлар көзделмеген.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!