Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың І отырысында Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізу керегін айтты, - деп хабарлайды massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды.
"Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек", - деді Президент.
1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Тоқаев бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болғанын айтты.
"Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды.
Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек", - деді ол отырыста.