Президент Ресейдің сыртқы істер министрі Лавровты қабылдады

Президент Ресейдің сыртқы істер министрі Лавровты қабылдады
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Ресей Федерациясының сыртқы істер министрі Сергей Лавровты қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің сыртқы саясат ведомствосының басшысына ілтипат білдіріп, Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында дамып келе жатқанын атап өтті.

Президент бұған дейін жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты жүзеге асыру, сондай-ақ, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайту маңызды екенін айтты. Кездесуде Ресей президенті Владимир Путиннің мамырдың соңында Қазақстанға жасайтын сапарына дайындық мәселесіне ерекше назар аударылды.

Мемлекет басшысы Астана бұл уақиғаға айрықша мән беріп отырғанын жеткізді.

"Бұл сапарды биылғы екіжақты күн тәртібінің ең негізгі іс-шарасы ретінде қарастырамыз. Екі елдің одақтастық қатынастарын ілгерілетуде бұл сапар маңызды рөл атқарады деп сенеміз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сергей Лавров Мемлекет басшысына Ресей президентінің сапарына әзірлік барысы туралы ақпарат берді. Сонымен қатар, Қазақстан мен Ресей арасындағы көпжоспарлы ынтымақтастықтың басты мәселелері Үкіметтер мен Сыртқы істер министрліктері деңгейінде пысықталып жатқанына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сергей Лавров халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget