Президент пен вице-президент туралы заң: депутаттар түзетулерді қарастырып жатыр

Президент пен вице-президент туралы заң: депутаттар түзетулерді қарастырып жатыр
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Парламент "Қазақстан Республикасының Президенті туралы" конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Заң жобасы бойынша бірлескен комиссия құрамына Мәжілістен Жанарбек Әшімжанов, Серік Ерубаев, Павел Казанцев және Үнзила Шапақ секілді депутаттар, ал Сенаттан Бибігүл Жексенбай, Сергей Карплюк, Марат Қожаев, Андрей Лукин кірді. Комиссия төрайымы болып Үнзила Шапақ сайланды.

Депутат Жанарбек Әшімжановтың айтуынша, конституциялық заң жобасы Қазақстанның Конституциясына сәйкес Президенттің және вице-президенттің құқықтық жағдайын айқындайды, сондай-ақ, Президент өкілеттігін регламенттейді.

"Қазақстан Республикасының Президенті - Мемлекет басшысы, мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын жоғары лауазымды тұлға және ел ішінде, халықаралық қатынастарда Қазақстан атынан өкілдік етеді. Президент халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституция мызғымастығының, азаматтың құқығы мен бостандығының символы әрі кепілі болып қала береді. Вице-президентті Құрылтайдың келісімімен Президент қызметке тағайындайды және Президенттің тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде оның атынан өкілдік етеді. Заң жобасына сәйкес Президент Бас прокурорды, Конституциялық соттың, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Жоғары аудиторлық палатаның, Орталық сайлау комиссиясының, Ұлттық банктің төрағаларын, Адам құқықтары жөніндегі уәкілді және Мемлекеттік күзет қызметінің бастығын жеке өзі тағайындайды. Президент Құрылтаймен келісу бойынша вице-президентті, премьер-министрді, Конституциялық соттың 10 судьясын, Жоғары аудиторлық палатаның 8 мүшесін, Орталық сайлау комиссиясының 6 мүшесін, сондай-ақ, Жоғарғы соттың судьяларын тағайындайды және сайлайды", - деді ол.

Айта кетейік, Қазақстанның вице-президенті болып туғанынан Қазақстан Республикасының азаматы, жасы 40-тан кем емес, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, кейінгі 15 жылда Қазақстанда тұратын, жоғары білімі бар азамат тағайындала алады.

"Бұл тарихи құжат вице-президенттің құқықтық жағдайын, оның өкілеттігін, тағайындау тәртібін, негізгі функцияларын және лауазымда болуына байланысты қабылданатын шектеулерді заңнамалық тұрғыдан бекітеді. Президенттік басқару нысаны бар бірқатар елде вице-президент - жоғары саяси мәртебеге ие жауапты лауазымды тұлға. Вице-президент лауазымы АҚШ-та, Түркияда, Болгарияда, Үндістанда, Филиппинде және Латын Америкасының бірқатар елінде көзделген. Қазақстанда вице-президент мемлекеттегі екінші адам ретінде мемлекеттік басқарудың үздіксіздігі мен бүкіл саяси жүйенің тұрақтылығын сақтау өкілеттігіне ие болады", - деді депутат Үнзила Шапақ.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget