Президент Павлодар облысының әкіміне бірқатар тапсырма берді
Фото:
Ақорда
Мемлекет басшысы Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановты қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Асайын Байханов облыстың былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді:
- облыс экономикасына 965 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 26 пайызға көп;
- жолаушылар тасымалы секторында 31 пайыз, машина жасау ісінде 13 пайыз, құрылыс саласында 8 пайыз өсім байқалады;
- 73 шақырымнан аса жылумен қамту желісіне реконструкциялау жұмыстары жүргізілген;
- Екібастұз жылу электр орталығындағы барлық 10 қазандық агрегат жөнделген;
- техникалық суға арналған 11 шақырым жаңа құбыр тартылып, 5,4 шақырым магистральды жылумен қамту желісіне реконструкция жасалған;
- облыстағы ауылдарда үш заманауи мектептің салынуы апатты жағдайдағы мектептерге қатысты мәселені шешуге мүмкіндік берген. Өңірде 54 білім беру ұйымы толықтай жаңғыртылған;
- екі жыл ішінде "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында 30 жаңа медициналық нысан салынады;
- облыста қоғамдық көлік жүйесін кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары басталған. Былтыр қалалық автобус паркі 130 жаңа автобуспен толықтырылған. Сондай-ақ, 722 шақырым автожол жөнделген;
- былтыр 37 мыңнан аса халқы бар 44 ауылға жаңа су құбыры тартылған. Осылайша, облыстағы ауыл тұрғындарының 98 пайызына таза ауызсу жеткізілген.
Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкіміне Ертіс өңірін әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова