Президент өзінің Францияға жасаған мемлекеттік сапарын ықыласпен еске алды

Қасым-Жомарт Тоқаев Рияд қаласында өтіп жатқан One Water саммиті аясында Эмманюэль Макронмен кездесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президент өзінің жақында Францияға жасаған мемлекеттік сапарын ықыласпен еске алып, Қазақстан делегациясына көрсеткен ерекше қонақжайлығы үшін Эмманюэль Макронға ризашылық білдірді. Мемлекет басшысы қазақ-француз қарым-қатынастарын берік стратегиялық серіктестік деңгейіне жеткізу үшін Парижде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың маңызды екенін атап өтті.

"Келіссөздердің қорытындысына және тиісті құжаттарға қол қойылғанына көңілім толды. Францияға мемлекеттік сапарым ұзақмерзімді экономикалық өсімге және елдеріміз арасындағы байланысты нығайтуға жасалған маңызды қадам болды. Бірнеше аптадан кейін-ақ түрлі бағыттағы негізгі келісімдердің жүзеге асып, нақты нәтиже бере бастағаны қуантады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Эмманюэль Макрон Қазақстан мен Франция арасындағы ықпалдастықтың қарқынды дамып келе жатқанына тоқталып, климаттың өзгеруіне қарсы күрес және "жасыл" экономиканы дамыту секторларында күш біріктірудің мәні зор екенін жеткізді. Тараптар энергия тиімділігі, таза технологиялар, су ресурстарын басқару, инновациялар, деректер алмасу және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықты жандандыру перспективаларын талқылады.

Кездесуде президенттер өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!