Президент өзінің денсаулығы туралы сұраққа жауап берді

Президент өзінің денсаулығы туралы сұраққа жауап берді
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Turkistan газетіне берген көлемді сұхбаты жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Жақында АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің денсаулығы туралы мәліметтерді жариялады. Осы тұрғыдан алғанда, сіз көп ашыла бермейсіз. Дегенмен денсаулығыңыз жайлы түрлі әңгіме айтылып жатады. Кейбіреулер сіздің салмақ тастап, сергек көріне бастағаныңызды атап өтсе, енді біреулер оған керағар пікір білдіріп жүр. Бұл туралы не дер едіңіз?" деген сауал қойылған.

"Денсаулығым жақсы, қан қысымым қалыпты. Күн сайын йогамен шұғылдануды әдетке айналдырдым, бірақ медитация жасамаймын. Бұрынғы кәсіпқой спортшымен аптасына екі рет үстел теннисін ойнаймын. Расымен, тоғыз келі салмақ тастап, өзімді әлдеқайда жайлы сезінетін болдым", - деді Мемлекет басшысы.

"ТМД елдеріндегі әріптестеріңіздің ішінде тағы кім спортқа жақын?" деген сұраққа Президент былай жауап қатқан:

"Таяуда Бішкекте өткен бейресми іс-шара кезінде Путин жас дзюдошыға қарсы әдемі әдіс жасап, аға буынның абыройын көтеріп тастады. Әлиев те мықты, кәнігі спортшы сияқты үнемі жаттығады, Жапаров футбол ойнайды. Мирзиёев те ширақ, ол жаттығу залында шынығады. Пашинян велосипед тебеді. Лукашенко әлі күнге дейін хоккей ойнайды екен. Кезінде теңіз-әскери күштерінде болып, әбден шыныққан Рахмонның да денсаулығы жақсы. Бір сөзбен айтсам, әріптестерімнің бәрі де бабында".

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget