Мемлекет басшысы Астанада өтіп жатқан Жасанды интеллект бойынша ІІІ халықаралық олимпиаданың ашылу салтанатында сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз сапалы білімге, дарынды балаларды жан-жақты қолдауға баса назар аударатынын айтты.
"Былтыр Бейжіңде өткен Жасанды интеллект бойынша олимпиададан Қазақстан оқушылары үш алтын, бір күміс және үш қола медаль жеңіп алды. Ел мерейін асыратын бұл жетістік жастарымыздың зияткерлік және шығармашылық әлеуеті зор екенін көрсетеді. Орайлы сәтті пайдалана отырып, талантты өрендерімізге бағыт-бағдар беріп жүрген ұстаздар мен тәлімгерлерге алғыс айтамын", – деді Мемлекет басшысы.
Президент бұл олимпиада жасанды интеллектіні зерттеуші жастардың халықаралық қауымдастығы дамуына үлкен серпін беретініне сенім білдірді.
"Білім қай заманда да халықты біріктіріп, адамзатты өркениеттің шыңына жетеледі. Сіздердің қарым-қабілеттеріңіз медицина, білім, экология және басқа да өте маңызды салалардағы тың шешімдерге негіз бола алады. Дәл осы олимпиадада әлемді өзгертетін жаңа идеялар мен жобалар дүниеге келуі мүмкін", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев олимпиада қатысушыларына сәттілік тілеп, осы маңызды шараны ұйымдастыруға үлес қосқан барша азаматқа шынайы ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, Астана қаласында 2-8 тамыз аралығында өтетін Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиадаға 106 елден келген 500-ден аса дарынды оқушы қатысып жатыр. Олар ЖИ үлгілерін әзірлеу және автоматты роботтарды бағдарламалау сайыстарында бақ сынайды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!