Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекеттік қызметкерлерге құнды кеңес берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, жазалаушы менталитеттен арылатын кез келді.
"Салық органдары мен салық төлеушілер арасында серіктестік және өзара сенім қағидаты орнығуға тиіс. Мемлекет пен бизнестің тиімді ықпалдастығын жолға қою керек. Мұндай серіктестік әділдікке, өзара тиімділікке, тіпті экономиканы дамытудың маңызын түсіну тұрғысынан алғанда жауапкершілікке құрылуға тиіс деп ойлаймын. Бұл жөнінде жақында Turkistan газетіне берген сұхбатымда айттым. Үкіметтің кейбір мүшелерімен әңгімеден ұққаным, оны бәрі бірдей ықылас қойып оқымаған секілді. Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысындағы сөзімді де толық түсінбегендеріңіз байқалады", - деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, интернет ұзақ мәтіндерді оқудан алыстатқан.
"Оның үстіне кітаптар мен мақалаларды оқымай-ақ, мазмұнын тыңдай салатын мүмкіндік пайда болды. Бірақ бұл мемлекеттік қызметкерлерге жараспайтын әдет. Оқу керек. Әйтпесе зейнет жасына жеткен кезде ойлану қабілетінен айырылып қаласыздар", - деді Тоқаев.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!