Президент: “Ұдайы жапа шеккен ұлт кейпінен арылуымыз керек“

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық Тамыз конференциясының пленарлық отырысында сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев тексерілмеген тарихи дерек пен оқиғалар сипатталатын оқу материалдарын қайта қарау жөнінде тапсырма берді.  

"Жақында Үкімет жұртшылыққа нәтижелі жұмыстың қорытындысын жариялады. Мектеп оқулықтарынан 700-ден аса өрескел қате табылған. Мұның бәрі орта білімнің сапасына нұқсан келтіреді десек, артық айтқандық емес. Әлгінде ғана тексерілмеген тарихи деректер мен оқиғалар сипатталатын, балаларға жалған "қаһармандар" мен олардың "ерлігі" жөнінде әңгімелейтін аңыздар енген оқу материалдарын қайта қарау қажет екенін айттым. Жалған, ойдан құрастырылған мәлімет тарату арқылы балаларды отаншылдыққа тәрбиелеу жақсылыққа апармайды. Бұл халқымыздың ар-ұжданына қайшы. Ұдайы жапа шеккен ұлт кейпінен арылуымыз керек. Бұл жөнінде үнемі айтып келемін. Біздің кейбір қаламгерлеріміз "мұң" деген сөзді жақсы көреді: "жүрегімде мұң, көзімде мұң"! Мұң-қайғы жастық шаққа, жастарға жараспайды", - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жастарымыз өз халқының тарихын дұрыс түсіне отырып, болашаққа үмітпен және сеніммен қарауға тиіс.  

"Еліміздің жастары оптимист болып, еңсере алмайтын қиындық жоқ екенін білуі қажет. Біз өз күш-қуатымызға сенетін, мықты ұлтқа айналуымыз керек. Мұң, қайғы, күйзеліс жастарымызға жат нәрсе болуға тиіс", - деді Президент.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!