- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Президент Меккеге барғанда...
Президент Меккеге барғанда не тілегенін айтты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Меккеге барғанда не тілегенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Мен қасиетті Меккеге барған кезде Қағба төрінде және осы жолы киелі Түркістанда ата-бабаларымызға Құран бағыштап, хандарымыздың рухына тағзым етіп, Алладан бір-ақ тілек тіледім. Ол - еліміздің амандығы және халқымыздың бірлігі", - деді ол.
Президент Түркістан облысының еліміздегі маңызын жеткізіп, өңірдегі бастамаларды айтты.
"Түркістан облысы - еліміздегі халық ең тығыз қоныстанған аймақ. Мұнда 2 миллионнан астам адам тұрады. Әлеуметтік саладағы бастамалар әр азаматтың тұрмысына өзгеріс әкеледі. Облыста апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектептер әлі де бар. Мемлекет бұл мәселені шешуге барынша күш салады. Кейінгі жылдары 83 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Қазір 59 мектеп салынып жатыр. Себебі еліміздің әрбір 7-сәбиі осы өңірде дүниеге келеді. Оларға сапалы білім ордаларын салып, жағдай жасау - маңызды міндеттің бірі", - деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы Сарыағаш ауданын дамыту жайы туралы да айтты.
"Оңтүстіктегі 6 ауданда 900 мыңға жуық адам тұрады. Демографиялық өсім бойынша Сарыағаш ауданы көш бастап тұр. Сондықтан осы ауданда перзентханасы бар медициналық кешен салуды тапсырамын.
Оған қажет қаржыны республикалық бюджеттен бөлу керек. Мұның бәрі тұрғындардың денсаулығын жақсартуға септігін тигізері сөзсіз", - деді Президент.
Сондай-ақ, Президент жастарға қолдау көрсетілетінін, соның ішінде шағын несие берілетінін атап өтті.
"Еліміздегі көпбалалы аналардың үштен бірі Түркістан облысында тұратыны белгілі. Сондықтан бұл бастама сіздер үшін де өте маңызды.
Біз жастарға жан-жақты қолдау көрсетеміз. Олардың кәсіпкерлік бастамалары үшін өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Жастарымыз осындай мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланып, өз кәсібін бастайды деп сенемін.
Бір сөзбен айтқанда, мемлекет зейнеттегі қариялар мен бесік тербеткен аналарға қолдау көрсете береді. Ал жалынды жастарға өмірде өзінің лайықты орнын табуға жағдай жасаймыз", - деді Тоқаев.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова