Президент Маңғыстаудағы су тапшылығын азайту үшін нақты шешім қабылдауды тапсырды

Мемлекет басшысы Үкімет пен "Самұрық-Қазына" қорына Маңғыстаудағы су тапшылығын азайту үшін нақты шешім қабылдауды тапсырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Облыстағы басты міндеттің бірі – тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз ету. Табиғи өсімге және көші-қон үдерісіне байланысты аймақтағы халық саны үздіксіз өсіп келеді. Бұл мәселе бойынша мен жаңа да айтып кеттім. Сондықтан ауызсу мәселесінің өзектілігі күн өткен сайын арта түседі. МАЭК-тің су тұшыту қуаты жеткіліксіз болып тұрғанын білеміз. Соның кесірінен, әсіресе, жаз айларында ауыз су тапшылығы қатты сезіледі. Үш қалаға және орталық құбыр желісі бар 59 елді мекенге ауыз су белгілі бір уақытта ғана беріледі. Су тапшылығы – күніне 23 мың текше метр. Қазір су тұшытатын 6 зауыт пен қондырғы салынып жатыр. Кендірлідегі жоба іске қосылған соң, Жаңаөзен қаласының, Теңге, Қызылсай, Рахат және Кендірлі ауылдық округтерінің тұрғындарын таза сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады", - деді Тоқаев.

Президент бұл жобаны кешіктірмей, дер кезінде, яғни мамырда аяқтау керек екенін айтты.

"2023 жылы "Астрахань – Маңғышлақ" магистральді су құбыры жаңғыртылды. Оның су өткізу мүмкіндігі күніне 110 мыңнан 170 мың текше метрге дейін артты. Бірақ бұл құбыр батыс аймақтың суға сұранысын толық өтей алмайды. Оның үстіне құбыр арқылы келетін суды әбден тазарту керек. Сондықтан судың өзіндік құны қымбатқа түседі. Үкімет "Самұрық-Қазына" қорымен бірге осы аймақтағы су тапшылығын азайту үшін нақты шешім қабылдауға тиіс", - деді Мемлекет басшысы.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз