- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Балалардың астан улануы
Президент Маңғыстау облысында балалардың астан улануы туралы айтты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп оқушыларына берілетін ыстық тамақ мәселесі туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Президент:
"Орайлы сәтті пайдалана отырып, күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге қатысты ойымды жеткізгім келеді. Жаңа оқу жылы басталған сәттен елімізде білім жүйесіне байланысты мәселелер жиі көтеріледі. Білім саласында елеусіз қалдыратын мәселе болмайды деп санаймын.
Мәселен, мектептерде бастауыш сынып оқушылары мен аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар мемлекет есебінен тегін ыстық тамақпен қамтылады. Алайда мектеп асханаларындағы тамақтың сапасына баса мән берген жөн. Жақында Маңғыстау облысында балалар астан уланды. Бұл оқиғаның қоғамда қызу талқылануы орынды. Мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу керек. Санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуын қатаң бақылау қажет. Бірақ мәселенің мәні тым тереңде жатыр. Оқушыларды сапасы күмәнді әрі арзан азық-түлікпен тамақтандыра алмаймыз. Балаларды тамақтандырудың халықаралық стандарттарына ұмтылғанымыз дұрыс. Асханадағы тағамдар өсіп келе жатқан ағзаны барлық қажетті дәруменмен қамтамасыз етуі керек. Бұл өскелең ұрпақтың денсаулығына тікелей әсер етеді.
Құзырлы мекемелер мектеп асханаларындағы азық-түліктің сапасын көтеру мәселесімен мұқият айналысуы қажет. Мектептерде дұрыс тамақтандыру мәдениетін қалыптастыру үшін агроөнеркәсіп кешені білім беру орындарының серіктесіне айналғаны жөн", - деді президент.
Еске салайық, қыркүйектің басында Мұнайлы ауданы Бесшоқы ауылындағы №8 жалпы білім беру мектебінде 466 оқушы астан уланып, дәрігерлердің көмегіне жүгінді. Артынша олардың бәрі емделіп шықты.
Осыған орай Маңғыстау облысы Ұлттық сараптау орталығының зертхана мамандары эпидемиологиялық жоспардан тыс тексеру жүргізіп, мектеп асханасындағы дайын тамақ өнімдерінен, судан және асхана қызметкерлерінен бактериологиялық тексеруге сынамалар алған болатын. Зертханалық зерттеулердің нәтижесінде өрескел санитарлық тәртіп бұзылғаны анықталған. Піскен тамақ өнімдері картоп езбесінен, құс етінен әзірленген котлеттен, соус пен компоттан патогенді бактериялар зертханалық түрде дәлелденген. Ал ыдыстардан ішек бактериялары табылған.
Асхана жұмысшыларының жеке медициналық кітапшалары да тексерілген. Нәтижесінде 4 асхана қызметкерінің жалған медициналық тексерістен өткендігі анықталған. Бұл жөнінде облыстық прокуратураға және облыстық ішкі істер департаментіне хат жолданған. Қазіргі таңда осы жағдай бойынша Мұнайлы аудандық полиция басқармасымен қылмыстық кодекстің 1-бөлімі, 304-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина