Президент, Құрылтай, Астананың мәртебесі туралы: депутаттар бірнеше маңызды заңды қарайды

Парламент депутаттары бірқатар конституциялық заң жобасын қарайды. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мәжіліс "Қазақстан Республикасының Президенті туралы" заң жобасын қарастыра бастады. Заң жобасы бойынша комиссия құрамына Мәжіліс депутаттары Жанарбек Әшімжанов, Серік Ерубаев, Павел Казанцев және Үнзила Шапақ кірді.

Мәжіліс депутаты Снежанна Имашеваның сөзінше, Президент туралы заң жобасы республикалық референдумда қабылданған Конституцияға сәйкес әзірленген.

"Конституциялық заң жобасы Президент пен вице-президенттің құқығын айқындайды. Заң жобасы 8 тарау, 43 баптан тұрады", - деді ол.

Сонымен қатар, Мәжіліс "Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы" заң жобасын қарайды. Заң жобасы бойынша комиссия құрамына депутат Қайрат Балабиев, Ермұрат Бапи, Марат Башимов және Сергей Пономарев кірді.

"Заң жобасы Құрылтайдың ұйымдастырылуы мен қызметін құқықтық жағынан реттеуге, сондай-ақ, депутаттардың құқықтық мәртебесін айқындауға бағытталған. Заң жобасы 12 тарау, 60 баптан тұрады", - деді Снежанна Имашева.

Бұдан бөлек, Мәжіліс "Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы" заң жобасын қарайды. Заң жобасы бойынша комиссия құрамына Нұртай Сабильянов, Мархабат Жайымбетов, Болатбек Нажметдинұлы және Нұрсұлтан Байтілесов секілді депутаттар кірген.

"Конституциялық заң жобасында елордадағы жергілікті мемлекеттік басқару ерекшеліктері, мәслихат пен әкімдіктің қала құрылысы, көші-қон, көлік саласындағы өкілеттігі қарастырылған", - деді Нұртай Сабильянов.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!