Президент "ҚТЖ" ҰК" АҚ Инновациялық орталығына барды

Мемлекет басшысы "ҚТЖ" ҰК" АҚ Инновациялық орталығына барды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жиын барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сиань қаласындағы көлік-логистика орталығының ашылу рәсіміне телекөпір арқылы қатысты.

Мемлекет басшысы аталған сала мен жалпы Қазақстан-Қытай қатынастары үшін көлік-логистика орталығын ашудың маңызды екенін атап өтіп, нысанды іске қосты.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин Қытайдың Шэньси қаласын Қазақстанмен, Орталық Азиямен және одан әрі Еуропамен байланыстыратын Сиань құрғақ портында логистика орталығын салу жөнінде уағдаласқан болатын.

Сиань – Қытайдың тораптық транзиттік орталығы және ең ірі құрғақ порт орналасқан қаласы. ҚХР мен Еуропа Одағы арасына қатынайтын контейнерлік пойыздардың 40 пайызына жуығы осы жерден жөнелтіледі.

Сиань қаласындағы құрғақ портта орналасқан Қазақстан терминалының жобалық қуаты – жылына 66,5 мың ЖФЭ (жиырма футтық эквивалент). Терминал еліміздің экспорттаушылары үшін жаңа өткізу нарықтарына жол ашады, жүктерді жеткізу мерзімін едәуір қысқартады және Қазақстанның Еуразиядағы сенімді транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы "ҚТЖ" ҰК" акционерлік қоғамы мен Қытайдың Huawei компаниясы бірлесіп құрған жаңа Инновациялық орталықты ашты.

"ҚТЖ" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, аталған орталық "Ақылды темір жол" жобасын жүзеге асыру мақсатында құрылған. Мемлекет басшысына теміржол көлігі жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған цифрлық шешімдер таныстырылды. Жобалар IT және телекоммуникация салаларындағы әлемнің жетекші компанияларын тарта отырып іске асырылуда.

Бүгінде Қазақстан теміржолы PSA компаниясымен бірлесіп, Транскаспий бағытында тұтас цифрлық дәліз әзірлеп, іске қосты. Жүйе уақытты үнемдейді және тасымалдау процесін барынша ашық, ал Қазақстанды сауда ағындары үшін тартымды етеді. Wabtec компаниясының локомотивтерін тиімді пайдалану жөніндегі пилоттық жобасы жүзеге асырылып жатыр.

Бұлтты шешімдерді, Big Data, Интернет заттар (IoT) және жасанды интеллектіні (AI) пайдалана отырып, "Қазақстан теміржолының" инфрақұрылымы мен қызметтерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Президент Көлік-логистика және Инновация орталықтарын ашу маңызды екенін атап өтті.

– Бұл – "Бір белдеу, бір жол" жаһандық бастамасы бойынша іске қосылған жоба. Қазақстан Төраға Си Цзиньпин 2013 жылы біздің елімізде жариялаған ірі жобаны толығымен қолдайды. Осы бастаманың арқасында орталықтың құрылысы қысқа мерзімде аяқталды. Мұның барлығы – екі ел арасындағы табысты серіктестік нәтижесі. Бұл жоба Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға жаңа серпін бермек. Сондай-ақ Еуразиядағы сауда-экономика ынтымақтастығын нығайта түседі деп санаймын. Осы орталықтың сапалы салынуына Қазақстанның және Қытайдың көптеген мамандары атсалысты. Мен бүгін баршаңызға ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!