Президент Кореямен байланысты күшейтуде корей ұлтының өкілдері ерекше рөл атқаратынын айтты

Президент Кореямен байланысты күшейтуде корей ұлтының өкілдері ерекше рөл атқаратынын айтты
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Сеулде Корея Республикасының мемлекет және қоғам қайраткерлеріне II дәрежелі "Достық" ордені салтанатты түрде табысталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Кореямен байланысты күшейтуде еліміздегі корей ұлтының өкілдері ерекше рөл атқаратынын айтты.

"Қазір Қазақстанда жүз мыңнан аса корей ұлтының өкілі тұрады. Олардың еліміздің экономикасы мен қоғамдық-саяси дамуына қосқан үлесі орасан зор. Елімізде барлық этносқа қолайлы жағдай жасалған. Корё-сарам қауымдастығы да қазақ жерінде тату-тәтті өмір сүріп, еліміздің ынтымақ-бірлігін арттыруға мол үлес қосып отыр. Қазақстанда Корей мәдени орталықтары қызмет етеді. Алматыдағы академиялық корей театры көрерменнің көзайымына айналды. Сондай-ақ, корей тілінде газет шығады, арнайы радиохабар таратылады", – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пайымдауынша, қос халықтың достығын бекемдеу ортақ мүддеге сай келеді.

"Бүгін қазақ-корей қарым-қатынасы үшін маңызды күн деп санаймын. Мен осы сапарымның аясында Корея Республикасының бірқатар көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерін ІІ дәрежелі "Достық" орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Бұл – қазақ жұртының өздеріңізге деген шынайы құрметі, риясыз көңілінің белгісі. Сіздер алдағы уақытта да екі ел арасындағы байланысты нығайтуға сүбелі үлес қоса бересіздер деп сенемін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget