- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Президент кімдерді салықтан...
Президент кімдерді салықтан босату керек екенін айтты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауында кімдерді салықтан босату керек екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Геологиялық зерттеуді өз қаражаты есебінен жүзеге асыратын инвесторлар жер қойнауын пайдалануға басым құқықты қамтамасыз етуі керек. Кешенді мемлекеттік сараптаманы енгізу және процесті толық цифрландыру арқылы жобаларды келісу мерзімдері мен рәсімдерін екі есе қысқарту қажет.
Үкіметтің міндеті - 2026 жылға қарай геологиялық-геофизикалық зерттеу аумағын бір жарым миллионнан 2 миллион 200 мың шаршы шақырымға дейін жеткізу. Басым міндеттердің бірі "жаңа мұнайға" айналған сирек және сирек жер металдарының кен орындарын игеру болуға тиіс. Осы салада өз әлеуетін іске асыра алатын елдер бүкіл әлемнің технологиялық прогресс векторын айқындайды.
Биыл жыл соңына дейін біз саланы дамытудың кешенді жобасын әзірлеуіміз керек. Өңдеу өнеркәсібін қолдау мақсатында шетелдік және отандық инвесторларды алғашқы үш жылда салықтар мен басқа да міндетті төлемдерден босату қажет. Бұл - өңдеуші индустрияға елеулі серпін беруі тиіс маңызды сәт", - деді Мемлекет басшысы.
Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жариялатыны хабарланған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова