Президент Қазақстанның стратегиялық мақсатын атап, қытайлық компанияларға үн қатты

Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың жетекші компанияларының басшыларымен кездесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президент жаһандық ғылым мен инновация орталықтарының бірі саналатын Шанхай қаласында Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясы қарсаңында бас қосудың символдық мәні зор екенін айтты.

Сонымен қатар, қатысушыларға Қазақстанның цифрлық трансформацияның басымдықтарын таныстырып, технологиялық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына тоқталды. Президенттің айтуынша, Қазақстан жасанды интеллектіні болашақ экономикалық өсімнің басты факторларының бірі ретінде қарастырады, сондай-ақ, халықаралық инвесторларды тарту үшін заманауи цифрлық инфрақұрылым жасақтап жатыр.

"Екібастұз қаласындағы Data Center Valley жобасына ерекше тоқталғым келеді. Бұл – еліміздің бірегей стратегиялық бастамасы. Жоба Қазақстан мен бүкіл Орталық Азия цифрлық инфрақұрылымының негізгі тірегі болады деп санаймыз. Басты мақсат – деректерді өңдеу орталықтарын, бұлтты сервистерді және жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға арналған халықаралық деңгейдегі платформа қалыптастыру. Инвесторларға толық жабдықталған алаңдар, заманауи инфрақұрылым ұсынылады. Олар тұрақты электр қуатын пайдаланып, арнайы инвестициялық режим аясында жұмыс істей алады. Алайда осы бағыттағы ауқымды шаруа деректерді өңдеу орталықтарын салумен шектелмейді. Біз біртұтас инновациялық экожүйе қалыптастыруды көздеп отырмыз. Сол арқылы суперкомпьютердің қуаты, жасанды интеллект зертханалары, ғылыми-зерттеу ұйымдары, білім беру бағдарламалары, стартаптар мен экспортқа бағытталған цифрлық қызметтер бір арнаға тоғысады. Біз қытайлық серіктестерімізбен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайта түсуге мүдделіміз", – деді Мемлекет басшысы.

Президент цифрлық логистиканы және көлік дәліздерін дамытқан жөн деп санайды.

"Қазақстан Қытайды Орталық Азиямен, Кавказбен, Таяу Шығыспен және Еуропамен байланыстыратын негізгі көлік-логистика хабы болуға тиіс. Бұл – біздің стратегиялық мақсатымыз. Қазір еліміздің аумағы арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Қытай мен Еуропа арасындағы теміржол тасымалының шамамен 85 пайызы Қазақстан арқылы жүзеге асырылады. Кейінгі он бес жылда мемлекет көлік және логистика инфрақұрылымын дамытуға 35 миллиард доллардан аса инвестиция салды. Біз жаңа теміржол желілерін тартып, Транскаспий көлік бағыты, яғни Орта дәліз арқылы жүк тасымалдау мүмкіндігін арттырып жатырмыз. XXI ғасырда көлік дәлізінің бәсекеге қабілетін инфрақұрылымның сапасымен өлшеу жеткіліксіз. Қазір мұндай жобалардың табысты болуы, ең алдымен, деректер алмасу жылдамдығына, цифрлық ықпалдастық деңгейіне және логистиканың ашықтығына байланысты. Сондықтан біз халықаралық жүк тасымалына арналған бірыңғай цифрлық экожүйенің негізін қалап жатырмыз", - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, осы саладағы басты жоба – Smart Cargo платформасы.

"Бұл – кедендік, логистикалық және коммерциялық қызметтерді бір цифрлық ортаға біріктіретін бірыңғай цифрлық терезе. Басты мақсат – Еуразияның бірыңғай цифрлық көлік кеңістігін қалыптастыру. Бір сөзбен, деректер цифрлық желі арқылы қалай тез жіберілсе, тауарлар да шекарадан дәл сондай жылдам әрі тиімді өтетін кеңістік құруымыз керек. Қазақстан мен Қытай халықаралық сауданың тиімділігін арттыратын жаңа жаһандық стандарттарды бірлесіп орнықтыра алады деп санаймын. Қытайдың технология саласында жұмыс істейтін компанияларын, логистика операторларын және инфрақұрылым саласындағы инвесторларын осы ауқымды бастамаға белсене атсалысуға шақырамын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, Президент аса маңызды минералдарды игеру саласын перспективті бағыт ретінде атады. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан стратегиялық ресурстардың қоры бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына енетінін және халықаралық серіктестермен бірлесе қосылған құны жоғары өндірісті дамытуды көздейтінін мәлімдеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!