Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай қандай мәселелерде ортақ ұстанымды ұстанатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Президент Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен аймақтық және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасқанын жеткізді.
"Бұл бағыттағы ұстанымдарымыздың ұқсас екеніне назар аудардық. Біз көпжақты дипломатияны одан әрі нығайту қажетін атап өттік. Екі елдің серіктестігі, Біріккен ұлттық ұйымы, Шанхай Ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес аясында табысты дамып келе жатыр.
Сондай-ақ, біз "Орталық Азия – Қытай" диалогын одан әрі дамытуға келістік. Әлемдегі дау-дамайды бейбіт жолмен шешу, геосаяси жағдайды тұрақтандыру, сондай-ақ жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайту жөніндегі ұстанымдарымыз ортақ", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қос ел арасындағы байланысты одан әрі нығайту ниетті екенін атап өтті.
"Мен бүгінгі келіссөз нәтижесін жоғары бағалаймын. Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың деңгейі қашан да жоғары. Осылайша, біз екі ел арасындағы ынтымақтастықты жаңа кезеңіне қадам бастық. Алтын 30 жылдық аясында биік мақсат міндеттерді табысты жүзеге асырамыз деп үміттенемін. Жасалған әрбір келісім екі елдің тұрақты және қауіпсіз дамуын қамтамасыз етуге, халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға арналған.
Қазақта "Байлықтан артық достық бар, достықтан артық байлық жоқ" деген тәмсіл бар. Қытай халқында да дәл осындай сөз бар. Екі елдің тарихи достығы, тату көршілікке негізделген ынтықмақтастығы, жарқын болашақ жолындағы қадамдары баянды болсын", - деді Президент.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!