Мемлекет басшысы АӨСШК VII саммитінде сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мемлекет басшысының пікірінше, болашаққа бағдарланған ұйым бүгінде біз бетпе-бет келіп отырған түбегейлі өзгерістерге дайын болуы керек.
"Жасанды немесе супер интеллект қазірдің өзінде экономикалық даму мен ұлттық бәсекеге қабілеттілікті айқындайтын факторға айналды. Кибершабуылдар заманауи қақтығыстарды ушықтыруда төтенше рөл атқарады. Бұдан бөлек, жасанды интеллекті бақылаусыз дамуы зор алаңдаушылық туғызады. ЖИ-дің мүмкіндігі молая түскенімен, оны халықаралық-құқықтық реттеу тетіктері жетіле қоймаған. Қазірдің өзінде ЖИ агенттері қорғау тетіктерін айналып өтіп, сыртқы жүйелерге рұқсатсыз қол жеткізу деректері тіркелді. Халықаралық-құқықтық тетіктерді енгізу арқылы осы үдерістерді тоқтатпасақ, мұндай жағдайлардың салдары ауырлап, мемлекеттер арасындағы қақтығыс шиеленісе түсуі ықтимал. Жасанды интеллектінің дамуы адамзаттың оны тиімді бақылау қабілетінен асып түспеуі керек. Сондықтан сенімді нығайту шаралары цифрлық ортаға да тиесілі. Меніңше, АӨСШК қолда бар бес өлшемді алтыншы, яғни жасанды интеллектімен толықтыруы керек", – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев ЖИ технологияларын орынды пайдалану экономикалық өркендеуді жеделдететінін, сондай-ақ, мемлекетті басқарудың тиімділігін арттырып, тұтас аймақтың даму мүмкіндігін кеңейте түсетінін айтты. Осы орайда, қатерлерді бірлесіп бақылау қажет.
"Жақында Вашингтонда қол қойылған Суперинтеллект бойынша келісімді құптаймыз. Шын мәнінде, бұл құжат Біріккен Ұлттар Ұйымы аясындағы халықаралық шарттың негізі бола алады. АӨСШК осы үдеріске зор үлес қосуға қауқарлы екеніне сенімдімін. Осы саладағы жаһандық күш-жігер аясында Қазақстан Алматыда БҰҰ ЭСКАТО тұрақты даму мақсаттары үшін Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығын орналастырады. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске мүше мемлекеттер аймағымыздың цифрлық болашағын бірге қалыптастыру үшін орталық жұмысына атсалысады деп ойлаймын", – деді Мемлекет басшысы.
Президент қазір кез келген стратегиялық жобаны жүзеге асыру үшін ақпараттық қауіпсіздіктің маңызы зор деп санайды. Әсіресе, бірнеше мемлекетке ортақ бастамаларда оның мәні арта түседі.
"Бүгін Қазақстан мен Әзербайжан маңызды кезеңге қадам басты. Елдеріміз Каспий табанымен тартылған Транскаспий талшық-оптикалық байланыс желісін іске асыруға кірісті. Цифрлық Жібек жолы бірегей жобасы Еуразия кеңістігінде анағұрлым жылдам әрі қауіпсіз мәлімет алмасуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Азияның цифрлық әлеуетін нығайтып, ынтымақтастықтың тың бағыттары ашылады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!