Президент “Қазақстан халқына“ қоғамдық қорының басқарма төрайымын қабылдады

Президент “Қазақстан халқына“ қоғамдық қорының басқарма төрайымын қабылдады
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Президент "Қазақстан халқына" қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаеваны қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа "Қазақстан халқына" қоры қызметінің нәтижелері және іске асырып жатқан қайырымдылық бастамалары туралы мәлімет берілді.

Ләззат Шыңғысбаеваның айтуынша, қордың қамқоршылық кеңесі әлеуметтік маңызы зор міндеттерді шешуге бағытталған 134 қайырымдылық бағдарлама мен жобаны бекіткен.

Мемлекет басшысына қордың білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет салаларында ауқымды шаралар атқарып жатқаны жөнінде баяндалды. Онкологиялық қызметке қолдау көрсетіліп, медициналық ұйымдар заманауи құрылғылармен, соның ішінде сәулелік терапияға арналған қондырғылармен жабдықталды. Сондай-ақ, өңірлерде оңалту инфрақұрылымы жаңғыртылып, мамандандырылған көмек көрсету жолға қойылды.

Білім беру бастамаларына ерекше назар аударылып отыр. Гранттар тағайындалып, ауылдық және шағын жинақты мектептерді дамыту жобалары жүзеге асырылып келеді. STEM-білім беру мен цифрлық шешімдер секілді заманауи оқу бағдарламалары енгізіліп жатыр. Балалар мен жастардың қосымша және озық біліммен қамтылуына, жасанды интеллект саласын игеруіне баса мән берілген. Осы орайда аймақтарда білімнің қолжетімді болуына ден қойылған. Бұдан бөлек, спорт инфрақұрылымын жетілдіру, инклюзивті спорт орталықтарын құру жобалары қолға алынған.

Мемлекет басшысы қайырымдылық шараларын ашық, жүйелі әрі мақсатты түрде іске асырудың маңызына тоқталып, бұл бастамалар халықтың тұрмыс сапасын арттыруға және әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға үлес қосып отырғанын жоғары бағалады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget