Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің ұлттық цифрлық деректер қорын жасақтауға баса назар аударды, – деп хабарлайды Massaget.kz.
Мемлекет басшысы Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының Х құрылтайында қазақ тілінің сөздік қоры мен әдеби-мәдени мұрасы өте бай болғанымен, оның едәуір бөлігі цифрлық жүйелерге толық әрі сапалы көшірілмегенін айтты.
«Біз қазақ тілінің сөздік қоры өте бай деп жиі айтамыз. Мұның шындық екені де күмәнсіз. Әдеби-мәдени мұрамыз да ұшан-теңіз. Алайда сол дүниенің көбі кезінде цифрлық жүйелерге толық әрі сапалы көшірілді деп айту қиын. Сол себепті мұрағатта немесе кітапханаларда ғана сақталған қазақ тіліндегі кітаптарды, мерзімді басылымдарды, аудио-бейне жазбаларды, мұрағат (архив) және мұражай (музей) қорларын цифрлық форматқа көшіру ісін қайта жандандыру қажет. Халқымыздың өшпес мұрасы мен рухани байлығы қағаз бетінде емес, цифрлық кеңістікте сақталуға тиіс. Келешек ұрпақ осы игі істің жақсылығын көреді», – деді Президент.
Президент түрлі ғылым саласы мен ақпараттық технологияларды қазақ тілінде үйренуге қолайлы жағдай жасау қажеттігін де атап өтті. Атап айтқанда, инженерия, медицина, құқық, экономика және жаратылыстану бағыттарындағы білім қазақ тілінде қолжетімді болуы керек.
Мемлекет басшысы бұл міндетті орындау үшін, ең алдымен, сапалы оқулықтар мен оқу құралдарын әзірлеуге баса мән беру қажет екенін айтты.