Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесі мен оның аппараты туралы ережені бекітті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының кейбір мәселелері және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жарлыққа қол қойды.
Жарлыққа сәйкес Қауіпсіздік Кеңесі мен оның аппараты туралы ереже бекітіліп, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі төрағасы орынбасарының өкілеттіліктері айқындалды.
Қауіпсіздік Кеңесі мен оның аппаратына жаһандық сын-қатерлерге, ішкі ахуалдың өзекті аспектілеріне жан-жақты талдау жүргізу міндеті жүктелді.
Қауіпсіздік Кеңесі төрағасы орынбасарының құзырына Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының актілері мен тапсырмаларының, Қауіпсіздік Кеңесі шешімдерінің, соның ішінде шұғыл отырыстарында қабылданған шешімдердің мүлтіксіз әрі толық орындалуын бақылау, сондай-ақ, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, елдің қорғаныс қабілетін арттыру, заң мен тәртіпті сақтау салаларындағы іс-шараларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіру кіреді.
Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары ақпараттық және киберқауіпсіздік, соның ішінде жасанды интеллектіні қолдану, дербес деректі қорғау, сыбайлас жемқорлық пен экономикалық қылмысқа қарсы іс-қимыл, азаматтық қорғаныс мәселелерімен айналысады.
Бұдан бөлек, Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары айтылған шараларды іске асыратын мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіріп, халықаралық байланыс орнатады, сондай-ақ, Қауіпсіздік Кеңесі аппаратының қызметін ұйымдастырады.
Қауіпсіздік Кеңесі аппараты өз алдына дербес мемлекеттік орган ретінде Президентке тікелей бағынады және есеп береді.
Орган ұлттық қауіпсіздік саласындағы тәуекелдерді бақылау ісін жетілдіру және күшейту, мемлекетті басқарудың орнықтылығын қамтамасыз ету, Қауіпсіздік Кеңесі төрағасы мен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі қызметіне институционалдық тұрғыдан қолдау көрсету және олардың шешімдерін орындау шараларымен айналысады.
Бұл міндеттер Қазақстан Республикасының егемендігі мен тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын, халықаралық аренадағы ұлттық мүддесі мен конституциялық жүйенің негізін сақтауды көздейді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова