- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев...
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрбан айт мерекесімен құттықтады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтайды деп хабарлайды Қазақстан Республикасы президентінің ресми сайты. Өз тілегі арқылы басқа түскен ауыр індетті рухы мықты ұлт ретінде тек бірлік пен ауызбіршіліктің арқасында жеңетінімізге сенім білдірді.
Құрметті отандастар!
Баршаңызды қасиетті Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Асыл дініміз бен салт-дәстүріміздің сабақтастығын бекемдеп, рухани құндылығымыздың ажырамас бөлігіне айналған қастерлі мейрамның күллі мұсылман әлемінде алатын орны ерекше.
Тарихымызбен тамырлас, танымымызбен өзектес Құрбан айт Қазақстан халқын бейбітшілік пен татулыққа, өзара сыйластыққа, береке-бірлікке үндейді. Имандылық пен парасаттылықты, жасампаздық пен мейірімді дәріптеп, жақсылыққа жол ашады.
Бүгінде жалпы адамзатқа ауыр салмақ салып отырған қауіпті індетті жеңіп шығу үшін бізге тас-түйін ауызбіршілік пен темірдей тәртіп қажет. Қазіргідей күрделі кезеңде бір-бірімізге қол ұшын беріп, барымызды бөлісіп, жұртымыздың аман-саулығын ойлап, жауапкершілік танытуымыз аса маңызды. Тілегіміз бір, ниетіміз ортақ болса, мақсатымызға жетеміз. Бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын бұл мерекенің мән-мағынасы да осында екенін баса айтқым келеді.
"Сабыр – сәулетті байлық" дейді халқымыз. Рухы асқақ ел ретінде барлық сынақты еңсеретінімізге сенемін.
Әр шаңыраққа құт-береке тілеймін! Халқымыздың амандығы үшін шалған құрбандықтарыңыз қабыл болсын! Құрбан айт баршамызға жақсылық әкелсін!
Т. Есқали