Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиевті қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Асламбек Мерғалиев сот жүйесі қызметінің былтырғы қорытындылары туралы мәлімет берді.
"Азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын, еркіндігін және заңды мүдделерін қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету сот жұмысының басымдығы саналады", - деді ол.
Қаралған істер мен материалдар саны ұлғайғаны, сондай-ақ соңғы 5 жылда сот төрелігін жүзеге асыру сапасының ең жоғары көрсеткішіне (жергілікті соттардың сот актілерінің 98,9 пайызы заңды әрі негізі бар деп танылған) қол жеткізілгені жөнінде баяндалды:
Асламбек Мерғалиев салаға жасанды интеллект технологияларын енгізу жайында айтты.
"Бұл әдіс біркелкі сот практикасын қалыптастыруға, судьялардың жұмысын айтарлықтай жеңілдетуге ықпал етеді (материалдар мен істердің үштен бір бөлігі, яғни 2 миллион істің 665 мыңы роботты техниканы қолдану арқылы қаралған)", - деді Жоғарғы сот төрағасы.
Судьялардың дербестігін нығайту мен әкімшілік әділет саласын кеңейтуге бағытталған заң шығару бастамалары, сондай-ақ кассациялық соттар құру туралы хабардар етілді.
Мемлекет басшысы заң үстемдігін қамтамасыз етудің және қоғамның соттарға сенімін арттырудың маңызын атап өтті.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!