- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Президент Жетісу облысының...
Президент Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевқа тапсырма берді
Мемлекет басшысы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевты қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бейбіт Исабаев:
өңірдің биылғы 7 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы есеп берді және алдағы жоспарын таныстырды:
– 2024 жылдың қаңтар-шілде айларында қысқа мерзімді экономикалық индикатор 112,4 пайызды құраған;
– облысқа 188,2 миллиард теңге инвестиция тартылды, соның ішінде жеке инвестицияның мөлшері 136,7 миллиард теңгеге жеткен;
аймақ экономикасының аграрлық салаға негізделгенін ескере отырып, пайдаланылмаған жерлерді қайтару және айналымға енгізу шараларына, «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру, қант өндірісін дамыту мәселелеріне баса мән берілгенін айтты;
өнеркәсіп өндірісін өркендету, өңірге инвестиция тарту жайында мәлімет берді:
– бірқатар перспективті инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Олардың қатарында Кербұлақ ауданындағы металлургия комбинаты, «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағындағы «Қазақстан-Қытай халықаралық өнеркәсіп қаласы» индустриалды паркі, Жоңғар қақпасы аумағындағы қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясы сияқты ірі жобалар бар;
– өңірдің көлік-логистикалық және транзиттік әлеуетін арттыру үшін жүйелі жұмыстар қолға алынған;
тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының жай-күйі туралы баяндады:
– жыл соңына дейін өңірді газбен қамту деңгейі 56,5 пайызға жетеді. 2028 жылға қарай Жетісу облысы көгілдір отынмен толық қамтылады деп күтіліп отыр;
– соңғы 2 жылда облыста 86 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны салынып, жөндеуден өткен;
тұрғын үй және жол құрылысы, туризмді дамыту жайында ақпарат берді:
– жалпы Жетісудың туристік бағыты Алакөл, Балқаш көлдері, Алтынемел, Жоңғар Алатауы ұлттық парктері, Жоңғар Алатауының тау массивтері секілді халық жиі баратын орындардың әлеуетіне иек артады;
– экологиялық туризмді дамыту мақсатында Бұрханбұлақ сарқырамасы мен Жасылкөлге апаратын жол салу жоспарланған.
Мемлекет басшысы өңірді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту және халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастыруды тапсырды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина