Президент Жасанды интеллект университеті қашан ашылатынын жариялады

Президент Жасанды интеллект университеті қашан ашылатынын жариялады
Фото: Midjourney

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жасанды интеллект университеті қашан ашылатынын жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы бұл туралы "Болашақ ойындары - 2026" сайысының ашылу салтанатында айтты.

"Біз осы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияладық. Осылайша, цифрлық болашаққа нық сеніммен аяқ бастық. Бұл - мемлекетіміздің алдында тұрған аса маңызды стратегиялық мақсат. Осы міндетті біз бәріміз біртұтас қоғам ретінде табысты іске асыруымыз қажет. Сондықтан қазір елімізде жаңа заманға қажет мамандар даярлау ісі тұрақты түрде жүзеге асырылып жатыр", - деді Президент.

 

Қазақстанда AI-Sana мемлекеттік бағдарламасы арқылы қазірдің өзінде жүздеген мың азамат тиісті құзырет пен дағдыны меңгерген.

"Биыл күзде Астанада Жасанды интеллект университеті ашылады. Елімізде нейрожелі көмегімен түсірілген фильмдердің халықаралық фестивалі өтеді. Сондай-ақ, келесі жылы елордамызда Халықаралық киберспорт федерациясының қолдауымен әлемдік дода ұйымдастырылады. Бұл Қазақстанда іске асып жатқан ауқымды бастамалардың бір бөлігі ғана", - деді Мемлекет басшысы.

Еске салайық, 2025 жылы Президент еліміздің алдында тұрған басты мақсат отандық технологияны жан-жақты дамыту және мықты IT мамандарын даярлау екенін айтып, жасанды интеллект саласына маманданған зерттеу университетін ашуды тапсырды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget