Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы қаулыға қол қойды. Құжат Ақорда сайтында жарияланды.
Президент жарлығымен Түркістан облысында Сауран ауданы құрылды. Аудан орталығы Шорнақ ауылы болады.
Түркістан облысының құрамында әкімшілік орталығы Шорнақ ауылында орналасатын Сауран ауданы әкімшілік-аумақтық бірлігі Кентау қаласының құрамынан Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Оранғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық округтерін бөлу жолымен құрылсын, - делінген қаулыда.
Президент Үкіметке осы Жарлықтың 1-тармағын іске асыру жөнінде қажетті шараларды қабылдауға тапсырма берді. Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Бұған дейін Кентау қаласы мен оның ауылдық округінің тұрғындары жаңа аудан құру туралы бастаманы қолдаған болатын.
Сауран – Түркістанның солтүстік-батыс жағындағы 30 шақырым жерде орналасқан орта ғасырдағы қалалардың бірі. ХІІ ғасырда ірі сауда орталықтарының бірі болған.