Мемлекет басшысы жаңа Конституция жобасына қатысты референдумда дауыс бергеннен кейін журналистерге арналған брифинг өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Әлемдік тәжірибеде конституциялық реформа ұзақ уақытқа созылады. Ал бізде жаңа Конституцияны дайындауға және талқылауға аз ғана уақыт жұмсалды. Бұған халықаралық байқаушылар назар аударып, сынға алды. Сіз бұл жөнінде не дейсіз?" - деп сұрады "Время" газетінің тілшісі Тоғжан Ғани.
Президент жаңа Конституцияны әзірлеу жұмыстары ұзақ уақыт бойы жүргізілгенін айтты.
"2022 жылы Конституцияға өзгерістер енгізілгені өздеріңізге мәлім. Сол кездің өзінде жаңа Конституция қабылдауға болар еді. Бірақ біз ондай қадамға бармадық. Дегенмен жаңа Конституция қабылдау туралы идея пайда болды. Шамамен екі жыл бұрын іске кірістім. Елімізге жаңа Конституция қабылдау керек деген ұйғарымға келдім. Қазақстан, ең алдымен, зайырлы мемлекет болуға тиіс. Бұл Конституция елімізді ілгерілетініне ешқандай күмәнім жоқ. Біз көштен қалмай, прогрестің алдыңғы шебінде жүруіміз керек. Озық ел болсақ, басқа мемлекеттер бізге құрметпен қарайды. Ел тағдыры өз қолымызда. Сол үшін табанды еңбек ету керек. Алдымызда тұрған ең үлкен мақсат – осы", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!