Иордания королі II Абдалла Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық байланыстарды одан әрі кеңейтуге мол мүмкіндік беретінін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Өзіңізді және сіздің құрметті делегацияңызды Иорданияда қарсы алғаныма қуаныштымын. Бүгін экономикалық байланыстарды жандандыруға және жеке сектор үшін мол мүмкіндіктер ашылады. Бұл өте маңызды", – деді Иордания королі.
Келіссөз барысында тараптар сауда, инвестиция, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, туризм, энергетика, цифрландыру және фармацевтика секілді негізгі секторлардағы өзара тиімді ынтымақтастықтың перспективасын егжей-тегжейлі талқылады.
Екі елдің мәдени-гуманитарлық ықпалдастығын кеңейту мәселелеріне айрықша мән берілді. Қазіргі кезде Қазақстанның медициналық оқу орындарында Иорданияның 300-ге жуық азаматы білім алып жатыр.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы мен Иордания королі халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Кездесу соңында Президент Иордания королін Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Айта кетейік, 18 ақпанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Иордан Хашимит Корольдігіне ресми сапармен барды. Әлия патшайым атындағы халықаралық әуежайда Мемлекет басшысын ханзада Әли бен әл-Хусейн мен Иордания премьер-министрі Жафар Хасан қарсы алды.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания Қазақстанның Таяу Шығыстағы және араб әлеміндегі сенімді серіктесі екенін мәлімдеді.
Иордания - ежелгі ескерткіштерімен және табиғи қорықтарымен танымал, Иордан өзенінің шығыс жағалауындағы араб мемлекеті. Сауд Арабиясымен, Иракпен, Сириямен, Израильмен және Палестинамен шектеседі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова