- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Президент ғылыми қызметкерлердің...
Президент ғылыми қызметкерлердің үстемеақысы 1,5 есе көбейетінін айтты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғылыми қызметкерлерге төленетін үстемеақы көбейетінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы дәрежесі мен атағына қарай үстемеақыны 1,5 есе арттыру қажет екенін мәлімдеді.
"Ғалымдардың мәртебесін дәйекті түрде көтеріп, оларды әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз ету шараларын күшейтуіміз қажет. Осы мәселеге байланысты академиктердің пікірімен келісемін. Ол үшін жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелер қызметкерлерінің ғылыми дәрежесі мен атағына қарай төленетін үстемеақыны 1,5 есе арттыру қажет. Сонымен қатар, күрішті күрмектен айыра білуіміз керек. Көмекке, әсіресе материалдық тұрғыда қолдауға лайық нағыз ғалымдар жеткілікті. Сондай-ақ, ғылыми атақтары бар, бірақ ғылымға еш қатысы жоқ ғалымдар да бар. Олар туралы кейінірек айтамын. Олар бұл атаққа тек әкімшілік, саяси қызметінің арқасында қол жеткізген. Сондықтан оларды шын ғалымдармен шатастырмайық. Ғылымда кездейсоқ жүргендерден гөрі, нағыз ғалымдарға бөлінетін қаржыны ұлғайтқанымыз жөн", - деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің бірінші отырысы өтті.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова