- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Президент Германиядағы форумда...
Президент Германиядағы форумда Ауғанстандағы жағдай туралы айтты
Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Германия Канцлері Олаф Шольцпен кездесуінде терроризм, діни экстремизм, есірткі тасымалы, трансұлттық қылмыс сияқты Орталық Азия аймағы үшін аса қауіпті сын-қатерлерге назар аударды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы Германияның жеке жобалары арқылы, сондай-ақ Еуропа Одағы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен басқа да халықаралық құрылымдар аясында осы және өзге де қауіп-қатерлерге тойтарыс беру жөніндегі күш-жігерін оң бағалады.
Қазақстан Президенті Ауғанстандағы жағдайға арнайы тоқталды. Оның пікірінше, бұл елдегі гуманитарлық дағдарыстың алдын алу үшін халықаралық қоғамдастықтың, әсіресе Орталық Азия мемлекеттерінің күш-жігерін қолдауды жалғастыру қажет. Осы ретте Президент Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі аймақтық орталығын ашу маңызды екенін айтты.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, Германияның саяси ықпалы мен экономикалық мүмкіндігін Орталық Азия елдерінің орасан зор әлеуетімен ұштастыру аймақтың орнықты дамуына елеулі үлес қоса алатынына сенім білдірді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
М. Лұқпан