Президент генерал-полковник Сәт Тоқпақбаевты марапаттады

Президент генерал-полковник Сәт Тоқпақбаевты марапаттады
Фото: madeniportal.kz

Президент мемлекет қайраткері, генерал-полковник Сәт Тоқпақбаевты марапаттады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасына сіңірген аса үздік еңбегі үшін мемлекет қайраткері Сәт Бесімбайұлы Тоқпақбаевқа "Халық қаһарманы" атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі - Алтын жұлдыз бен "Отан" ордені тапсырылды", - делінген хабарламада. 

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ұлттың, мемлекеттің және Президенттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүктелгендердің бірі – Сәт Тоқпақбаев. Генерал-полковник осы жолда аянбай еңбек етіп, күштік құрылымдардың қалыптасуына зор үлес қосты. Ұлт мүддесін бәрінен жоғары қойды.

Сәт Бесімбайұлының басшылығымен жасалған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жұмыстарын ұйымдастыруға қажетті арнаулы құжаттардың көбісі әлі күнге дейін қолданыста. Оның шешімімен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің академиясы құрылып, еліміздің белді оқу орнына айналды. Сәт Бесімбайұлының тәрбиесін көріп, тәлім алғандар аз емес.

Сәт Тоқпақбаев Мәжіліс депутаты болған уақытта да мол тәжірибесін, күш-жігерін мемлекетіміздің Қарулы күштері мен қауіпсіздігін нығайтуға қажетті заңдарды қабылдауға жұмсады. Бүгінде жұбайы – белгілі жазушы Сәуле Досжанмен қоғамдық жұмыстарға атсалысып, жастарды тәрбиелеуге көңіл бөліп жүр.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина