Елімізде және шетелде жетісікке жеткен, кәсібі мен мамандығының майталманы болған жастар көп. Мұндай жастардың еңбегін дәріптеу өте маңызды. Келер ұрпаққа үлгі. Осылай деді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстанның 100 жаңа есім" жобасының жеңімпаздарымен кездесуінде сөйлеген сөзінде.
"Қадірлі достар! Ең алдымен баршаңызды бүгінгі жарқын жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Биыл "Жүз жаңа есім" жалпыұлттық жобасы қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында өткізіліп отыр. Елбасының бастамасымен қолға алынған ауқымды шара арқылы көптеген қазақстандық бүкіл елге танылды. Жалпы, әр ұлттың қаймағы саналатын таңдаулы азаматтары болады. Елді алға бастайтын да, әлемге танытатын да – осындай ерекше жандар. Халқымызда "Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар" деген қанатты сөз бар. Сіздер өз дарындарыңызбен көпшілікті мойындата білдіңіздер. Мемлекетімізді өркендетуге айрықша үлес қосып келесіздер. Қазақстанды басқа елдер өздеріңіз арқылы бағалайды. Сіздерді біздің мемлекетіміздің мақтанышы деп айтсақ артық болмайды",– деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ ол сөзінде бүгінде әлемдік деңгейдегі алпауыт компанияларда абыройлы еңбек етіп жатқан жерлестеріміз көп екенін атап өтті. Қазақтың қандай халық екенін жер жүзіне танытып жүрген бірнеше азамат осы жобаның жеңімпазы атанды.
"Біз түрлі салада жетістікке жеткен осындай отандастарымыздың еңбегін дәріптеуіміз керек. Өйткені табысты жандардың тәжірибесі әрдайым басқаларға үлгі-өнеге. Өскелең ұрпақ өздеріңізге қарап бой түзейді, ұқсауға тырысады. Мен еліміздің әрбір перзенті сіздер сияқты өнегелі болсын деп тілеймін. Қазақ "Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын" деп, дара тұлғаларының мерейін асырған. Бүгінгі белес сіздерді жаңа биіктерге бастайды деп сенемін. Шын мәнінде, елімізде өз кәсібінің майталманы атанған жастар аз емес", – деді Президент.
Сөз барысында мемлекет басшысы тәуелсіздік кезеңінде өсіп жетілген буынның қарым-қабілетін жоғары бағалайтынын атап өтті.
"Білімді әрі саналы ұрпақ тәрбиелеу – бұл аса маңызды мемлекеттік міндет. Еліміздің болашағы дарынды, отаншыл жастардың қолында болуы керек. Солай боларына кәміл сенемін. Осы стратегиялық мақсатқа қол жеткізу үшін жүйелі реформаларды міндетті түрде жалғастырамыз. Жалпы, мемлекет талантты азаматтардың жаңа бастамаларына барынша қолдау көрсетеді", – деп президент Қасым-Жомарт Тоқаев.