Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғыртуға бағытталған ауқымды инфрақұрылымдық бағдарлама туралы айтты, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына қомақты қаржы бөлініп, көптеген елдімекен газбен және таза ауыз сумен қамтамасыз етілетінін баса айтты.
Үкіметке жыл соңына дейін нақты жобалардың бастапқы тізімін әзірлеу тапсырылды. Президент бұл тізім еліміздің барлық аймағын қамтуға тиіс екенін атап өтті.
«Біз халқымыздың артып отырған зор үмітіне лайық болуымыз қажет. Бұл жоспарымыз ел игілігін арттыруға арналып отыр, басқа астарлы ойымыз жоқ. Сондықтан осы үлкен құрылыс қозғалысына “Халықтық құрылыс” деген атау берсек, қарсылық болмас деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жаңа бағдарламаның азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, кәсіпкерлікті өркендетуге және ұлттық экономиканы жандандыруға зор ықпал ететінін жеткізді. "Халықтық құрылыс" Қазақстан тарихындағы ең ауқымды инфрақұрылымдық жобалардың біріне айналмақ.
Бағдарлама аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жаңғырту, елді мекендерге газ және таза ауыз су жеткізу, сондай-ақ өңірлердегі инженерлік инфрақұрылымды дамыту көзделеді. Бұл жұмыстар халықтың тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, құрылыс индустриясы мен шағын және орта бизнестің дамуына да серпін бермек.
Президент бастаманы жүзеге асыру нәтижесінде жүз мыңдаған адам жұмыспен қамтылып, оның игілігін бүкіл халық, әсіресе өскелең ұрпақ көретініне сенім білдірді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!