Президент Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Феридун Синирлиоғлыны қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы Өңірлік экологиялық саммиттің жұмысына белсене қатысқаны үшін Феридун Синирлиоғлыға ризашылығын білдіріп, бұл платформа Орталық Азия мен көрші аймақтарға ортақ экологиялық мәселелерді шешу жолын бірлесіп іздеуді көздейтінін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Феридун Синирлиоғлы орнықты даму, климаттың тұрақтылығы, су ресурстарын тиімді басқару және өзара экономикалық байланысты кеңейту салаларындағы ықпалдастықты дамытуға ниет танытты.
Президент еліміз ЕҚЫҰ-мен барлық үш өлшем бойынша ынтымақтастықты нығайтуға бейіл екенін растады. Ұйыммен арадағы серіктестік 2010 жылы өткен ЕҚЫҰ саммитінің Астана декларациясы қағидаттарына негізделгенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев адам құқықтары, демократия мен заң үстемдігі ұлттық басымдық ретінде қарастырылатынына назар аударды.
Президенттің айтуынша, еліміз Әділетті Қазақстан құру жолында ауқымды саяси және институционалдық жаңғыру бағдарламасын іске асырып жатыр. Жақында өткен референдум мен жаңа Конституция қабылдануы еліміздің саяси жүйесін жаңартудағы маңызды кезең саналады. Қолға алынған реформалар заң үстемдігін нығайтуды, билік институттарының есептілігін арттыруды және мемлекетті басқарудың орнықты моделін қалыптастыруды көздейді.
Феридун Синирлиоғлы Өңірлік экологиялық саммитке шақырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Орталық Азия мен одан тысқары жерлердегі климат және экология күн тәртібін қалыптастырудағы Қазақстанның рөліне жоғары баға берді. Сонымен қатар, Бас хатшы еліміздің ұйым жұмысына ерекше үлес қосып отырғанын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Феридун Синирлиоғлы өңірлік және аймақтық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!