Президент мемлекеттік марапат және әскери шен тапсыру рәсімінде сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
️Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан - өткенге зор құрметпен, болашаққа үлкен үмітпен қарайтын бейбіт ел.
"Біз кез келген қақтығыс дипломатиялық жолмен, келіссөздер арқылы шешілуге тиіс деп есептейміз, әрқашанда "ас пен тас" стратегиясын жүргізуге дайын болуымыз қажет. Біз халықаралық құқық қағидаттары мен нормалары қатаң сақталуы керек деп санаймыз. Қазақстан әлемнің барлық елімен достық қарым-қатынасын нығайта береді. Осы мызғымас ұстанымдар жаңа Ата заңымызда нақты айқындалды. Бірақ бұл қамсыз отыру қажет деген сөз емес. Еліміз түрлі сын-қатердің алдын алуға және кез келген қауіпке төтеп беруге дайын болуға тиіс. Сондықтан мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін күшейтіп, әскерімізді ең бірінші кезекте технологиялық тұрғыдан жаңғырта беруіміз қажет. Бұл – қазіргі тұрақсыз, құбылмалы заманның талабы, соны ескере отырып, Қарулы күштерімізді және әскери мекемелерімізді түбегейлі реформалау керек. Бұл – стратегиялық маңызы зор міндет, оны созбай, екі жыл ішінде орындау қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, елге қорған болу – ең абыройлы қызмет.
"Нағыз патриот азамат үшін бұдан асқан мәртебе жоқ. Күштік құрылым қызметкерлерінің күнделікті табанды еңбегі ел үшін жасалған ерлік екені сөзсіз. Сіздер әрқайсыңыз сертке берік болып, Отан алдындағы міндеттеріңізді мінсіз орындап жүрсіздер. Мен Мемлекет басшысы және Жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Бүгін сіздерге әскери атақ пен сыныптық шен беру туралы тиісті жарлыққа қол қойдым. Бұған қоса бірқатар азаматты жоғары мемлекеттік наградамен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Баршаңызға құтты болсын! Өскелең ұрпақ сіздерге қарап бой түзейді, туған елге адал болуды үйренеді. Сіздер жастарға үлгі болып, жол көрсетіп, әрдайым ұлт мүддесіне қызмет ете бересіздер деп сенемін. Айбынды армиямыздың абыройы арта берсін!" – деді Президент.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова