Президент ұлт саулығын нығайту және адам капиталын күшейту мемлекеттің конституциялық міндеті екенін мәлімдеп, осы бағытта қолға алынған іргелі істерді атады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы VІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде айтты.
"Кейінгі жеті жылда елімізде 500-ден аса спорт нысаны салынды, бірқатары жөндеуден өткізілді. Былтыр менің тапсырмаммен "Дене шынықтыру және спорт туралы" заңға бірқатар өзгеріс енгізілді. Жаңа заң отандық спорттың дамуына күшті серпін бермек, соның ішінде ұлттық спорт өркендеуіне ерекше ықпал етеді. Балаларымыз спортпен немесе дене шынықтырумен міндетті түрде айналысуы керек. Бұл – еліміздің жарқын болашағының кепілі. Осы мақсаттың жалпыұлттық мән-мағынасы айрықша. Өйткені дене-бітімі әлсіз, рухы қауқарсыз халқы бар ел ешқашан озық, дамыған мемлекет бола алмайды. Бұл - баршаға белгілі ақиқат", - деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, спорт мектептерінде оқитын әр балаға бөлінетін қаражат көлемі екі есеге жуық артқан, яғни 233 мың теңгеден 415 мың теңгеге ұлғайған.
"Былтыр 220 мыңнан аса бала спорт үйірмесіне мемлекет есебінен ақысыз барды. Осы мақсатқа 50 миллиард теңге бөлінді. Дене шынықтырумен шұғылданатын адамдардың саны 8 миллионнан асты. Бұл – халқымыздың жартысына жуығы деген сөз. Осы тұрғыдан алғанда, бізді салауатты ұлт деп атауға болады. Бірақ босаңсуға болмайды", – деді Президент.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова