Мемлекет басшысы МАГАТЭ бас директоры Рафаэль Гроссиді қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бас директор Қазақстанның әлемдегі ядролық қауіпсіздікті және жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау режимін нығайту бағытындағы іс-қимылына жоғары баға берді.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлемдегі абырой-беделіне, ядролық қауіпсіздікті, диалог пен көпжақты ынтымақтастықты ілгерілетуде дәйекті рөл атқарып келе жатқанына тоқталды.
Агенттік жетекшісі елімізді АЭС салу бойынша өткен жалпыхалықтық референдумның нәтижесінде атом энергиясын дамыту бағдарламасы іске асырыла бастауымен құттықтады.
Президент Қазақстанның ядролық қауіпсіздік пен мемлекетаралық сенімді нығайтуға бағытталған жаһандық күш-жігерге қосылуға алдағы уақытта да бейіл екенін мәлімдеді. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті халықаралық уағдаластық болған жағдайда еліміз ізгі ниетті көздеп, Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі мәселе шешілуіне атсалысуға дайын екенін тағы да растады.
Рафаэль Гросси Қазақстанның жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайту ісіндегі маңызы мен рөлін атап өтіп, еліміздің игі бастамасына қолдау білдірді. МАГАТЭ басшысы ықтимал келісімдерді жүзеге асыру үшін Қазақстан саяси беделге, тиісті инфрақұрылым мен ғылыми-техникалық базаға ие екенін жеткізді.
Сонымен қатар, Президент БҰҰ Бас хатшысы лауазымына үміткер Рафаэль Гроссиге сәттілік тіледі.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова