Мемлекет басшысы "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусинді қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа компанияның қызметі, кейінгі екі жылда жүзеге асырған негізгі инфрақұрылымдық және технологиялық жобаларының қорытындылары жөнінде баяндалды.
Бүгінде "Қазақтелеком" 1,75 миллионнан аса үй шаруашылығына қызмет көрсетеді. Компания ел аумағында талшық-оптикалық желіні жүйелі түрде кеңейтіп, телекоммуникация нарығының негізгі сегменттерінде көшбасшылық орнын сақтап отыр.
Елді мекендерді байланыспен қамту бойынша ауқымды жұмыс жалғасып жатыр. 2027 жылдың соңына дейін 1 миллионнан аса тұрғыны бар 3 мыңнан аса ауылды сапалы байланыс қызметімен қамтамасыз ету жоспарланған.
Мемлекет басшысына "Каспий ТОБЖ" халықаралық жобасы жүзеге асырылуы туралы ақпарат берілді. Бұл жоба Ақтау – Сумгаит бағытында суасты талшық-оптикалық байланыс желісін салуды көздейді. Бұл бастама Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырып, Еуропа мен Азия арасында цифрлық дәліз қалыптастырмақ.
Кездесу барысында деректерді өңдеу инфрақұрылымын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Екібастұз қаласында "Деректерді өңдеу орталығы алқабы" стратегиялық жобасы аясында қуаты кезең-кезеңімен ұлғайтылатын заманауи орталық құрылып жатыр. Бұл жоба халықаралық технологиялық компанияларды тартуға және елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға жол ашады.
Бағдат Мусиннің айтуынша, жасанды интеллект технологияларын енгізуге басымдық беріледі. Корпоративтік процестерді автоматтандыруға арналған ЖИ агенттерді әзірлеу, киберқауіпсіздік шешімдерін жетілдіру және мемлекеттік секторды цифрландыру бойынша бірқатар жоба қолға алынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев шағын қалалар мен ауылдарды сапалы байланыспен және интернетпен қамтудың маңызына назар аударды. Президент цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту салаларында инвестициялық жобаларды уақтылы жүзеге асыруды тапсырды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!