Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли журналист Айдос Садықовқа жасалған қастандыққа қатысты тергеудің мемлекет басшысы жіті бақылап отырғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Президенттің тапсырмасына сәйкес Қазақстанның құқық қорғау органдары қылмыстық істің мән-жайын анықтау үшін шұғыл шаралар жүргізіп жатыр.
"Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарына күдіктілердің қазіргі мекенжайын анықтап, тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Қазақстан тарапы Украинаның құқық қорғау құрылымдарымен, оның ішінде Интерпол жүйесі бойынша бірлесе жұмыс істеуге дайын", - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Айдос Садықовтың әйелі Наталья Садықова өлтірмек болған күдіктілер ұсталғанын хабарлаған болатын. Оның сөзінше, журналисті өлтіруге екі адам оқталған.
Наталья Садықованың сөзінше, күдіктілердің бірі - Қостанай облысының Ішкі істер департаментінде жұмыс істейтін Мейрам Қаратаев болған. Алайда Ішкі істер министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
"Мейрам Қаратаевқа қатысты: оның 2019 жылдың қаңтар айында ішкі істер органдарынан босатылғанын және қазіргі уақытта полиция қызметкері емес екенін хабарлаймыз. Қазір біз Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес істің барлық мән-жайларын анықтау бойынша тиісті жедел іс-шаралар жүргізудеміз. Осы жұмыстың нәтижелері бойынша қосымша ақпарат беріледі", - делінген ІІМ хабарламасында.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!