Мемлекет басшысы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекті қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жеңіс Қасымбек елорданың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы жөнінде есеп берді; барлық негізгі экономикалық көрсеткіш бойынша оң динамика байқалатыны жайында айтты.
"Биылғы 7 айда инвестиция көлемі 9,2 пайызға ұлғайып, 678,5 миллиард теңгеге жеткен; жыл соңына дейін жалпы сомасы 87 миллиард теңге болатын 25 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланды, оның 15 жобасы өңдеу өнеркәсібі саласында жүзеге асырылады", - деді әкім.
Әкім қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін нысандар құрылысының барысы туралы баяндады. Газбен жылыту станциялары мен 3-ЖЭО алдағы жылыту маусымында іске қосылады деп жоспарланып отырғанын және олар сағатына 1100 Гкал жылу беретінін айтты. Бұл елордада жылу энергиясына деген сұранысты артығымен қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Сондай-ақ, Жеңіс Қасымбек әлеуметтік нысандар салу (мектептер, жеңілдікпен берілетін қолжетімді тұрғын үйлер, медициналық орталықтар), ұзаққа созылған құрылыстарды аяқтау, апатты жағдайдағы және ескі үйлерді бұзу, тұрғын үй алаптарын дамыту, қаланы абаттандыру және көгалдандыру жайында айтты:
– биылғы оқу жылында Астанада 11 мектеп салынатынын, оның төртеуі қазір жұмыс істеп жатқанын жеткізді;
– "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында 2024-2025 жылдары 90 мыңға жуық оқушыға арналған 24 мектеп салынатынын баяндады.
Оның 15-і қарқынды дамып келе жатқан Есіл және Нұра аудандарында бой көтермек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын одан әрі дамытуға, жылыту маусымына дайындығына және абаттандыру жұмыстарына қатысты бірқатар тапсырма берді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!