Мемлекет басшысы Алатау қаласының даму барысымен танысты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы облысына жұмыс сапары Алатау қаласының даму жоспарымен танысудан басталды. Қазір қала ауданы - 88 мың гектар. Шаһар 2050 жылға дейін кезең-кезеңімен дамытылатын 4 арнаулы аумаққа бөлінген.

Сонымен қатар, қаланың негізгі даму аймақтары мен табыс көздері айқындалып жатыр. Магистралды инфрақұрылымды ілгерілету бойынша жол картасы қолға алынған. Басқарудың жаңа моделін қалыптастыратын конституциялық заң қабылданды.

Бүгінде Gate City тұрғын үй алабы жедел өркендеп келеді. Мұнда "жайлы мектеп" бой көтеріп, "Маревен Фуд", "КНАУФ", Fruit Art, Dolce Pharm және Алматы желдеткіш зауыты секілді жүйе құрайтын кәсіпорындар жұмыс істейді.
Бұдан бөлек, 53 инвестициялық жобадан тұратын пул жасақталды. Оның жалпы сомасы 2 триллион теңгеден асады. PepsiCo компаниясы Орталық Азиядағы картоп өңдейтін ең ірі зауыт салып жатыр.
Mars Petcare компаниясы үй жануарларына арналған азық өндіретін өңірдегі алғашқы заманауи әрі бірегей жобаны қолға алды. KHAN TENGRI BIOPHARMA компаниясы дәрі-дәрмек пен медициналық қондырғылар шығарумен айналысады. "Исткомтранс" және G-Trans компаниялары логистикалық кластер құрып жатыр.
Мемлекет басшысына Iconic Complex жобасы таныстырылды.

Бұл - Алатаудағы көпфункционалды озық кешен. Қаладағы негізгі нысанның бірі Gate District ауданында бой көтермек.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова