- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Президент “АгромашХолдинг KZ“...
Президент “АгромашХолдинг KZ“ акционерлік қоғамының Локализация орталығына барды
Мемлекет басшысы "АгромашХолдинг KZ" акционерлік қоғамының Локализация орталығына барды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысына жұмыс сапары аясында «АгромашХолдинг KZ» акционерлік қоғамының Локализация орталығын аралап көрді.
Президентке ауыл шаруашылығы техникалары мен жалпы машина жасау саласы үшін қосалқы бөлшектер шығаратын кәсіпорынның жұмысы таныстырылды. Бүгінде мұнда 700 адам еңбек етеді. Зауыт жылына 250 мыңға жуық қосалқы бөлшек өндіреді. Жыл басынан бері зауытта 1 мыңға жуық трактор мен 300 комбайн шығарылған.
Президентке Локализация орталығы CLAAS тракторлары мен комбайндарының бірқатар қосалқы бөлшегін дайындауға тапсырыс алғаны жөнінде баяндалды. Бұдан бөлек, жуырда аспалы және тіркемелі техникаларды өндіруде әлемде үздік саналатын AMAZONE компаниясымен келісімшартқа қол қойылады. Биыл зауытта дән себу және бүрку қондырғыларының өндірісі де іске қосылмақ.
Мемлекет басшысына орталық қазіргі уақытта KIA компаниясымен бірлесіп, 2025 жылы іске қосылатын жаңа зауыттың құрамдас бөліктеріне арналған жабдықтар өндіру жұмыстарын бастағаны туралы мәлімет берілді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Сатыбалдина