Президент Абай облысы басшылығының жұмысын жоғары бағалады

Президент Абай облысы басшылығының жұмысын жоғары бағалады

Қасым-Жомарт Тоқаев өткен кезеңде нақты жұмыстар атқарылғанын, оны жалғастыру керектігін атап өтті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы еліміздің тарихи-мәдени орталығы Семей қаласының инфрақұрылымы оның мәртебесіне сай болуы керектігін қадап айтты.

Абай облысының әкімі Мемлекет басшысына берген есебінде қаланың дамуына тоқталды.

Астанада өткен әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың есебін тыңдады. Қасым-Жомарт Тоқаев облыстың әкімшілік орталығының ерекше маңыздылығын атап өтті.

Семей еліміздің ең көрікті әрі тарихи орталықтарының бірі болып саналады. Қаланың сырт келбетіне ерекше назар аудару керек. Әрине, инфрақұрылымды жаңарту қажет, әлі де атқарылатын жұмыс көп, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрлан Ұранхаев өз баяндамасында Семей қаласы бюджетінің айтарлықтай ұлғайғанын және қаланың ең өзекті мәселелерін шешу жолдарын атап өтті.

Семей қаласының тарихи-мәдени және жаңа әкімшілік мәртебесін, сондай-ақ облыс халқының 60 пайызға жуығы қалада тұратынын ескерсек, облыс орталығының дамуы ерекше бақылауда. Биыл Семей қаласының бюджеті 85 миллиард теңгеден астам қаржыны құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 50 пайызға дерлік артық, – деді облыс әкімі.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын қаржыландыру көлемі 1,4 есеге, халықты әлеуметтік қорғау 1,5 есеге ұлғайтылды.

2023-2024 жылдары Семей қаласын жылумен қамту мәселелерін шешу үшін Өңірді дамытудың кешенді жоспарына жылу көздерін және жылу желілерін қайта жаңғырту бойынша 150 миллиард теңгеден астам сомаға 30 жоба енгізілген.

Баяндама соңында Мемлекет басшысы атқарылған жұмыстардың нәтижесін жоғары бағалап, оны барлық салада жалғастыруды тапсырды.

Аз уақыттың ішінде көп нәрсе атқарылды. Мұны мойындау керек. Бірақ алда көп жұмыс бар. Шешілмеген мәселелер көп. Сондықтан бұл жұмысты кешенді түрде жүргізу керек, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Абай облысы әкімдігі ұсынған ақпарат

Massaget.kz