- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- “Премьер-министрдің орынбасары арқылы...
“Премьер-министрдің орынбасары арқылы шешіп беремін“. Астанада алаяқтық туралы іс бойынша үкім шықты
Астанада алаяқтық пен пара беруге айдап салу дерегі бойынша сот үкімі шықты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Премьер-министрдің орынбасары арқылы шешіп беремін"
2023 жылғы шілдеде сотталушы А. алаяқтық жасап, лауазымды тұлғаға пара беруге айдап салу мақсатында К.-ға байланыстары бар екенін және жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты алу мәселесін премьер-министрдің орынбасары арқылы шешуге мүмкіндігі бар екенін айтқан.
Келесі күні сотталушы А. К.-ға премьер-министрдің орынбасарымен кездесуге барғанын хабарлап, ол көрсетілген келісімшартты алуға көмектесуге келіскенін, бұл үшін пара ретінде 500 000 АҚШ долларын аудару қажет екенін айтқан. Сотталушы өз сөзінің растығын білдіріп, К.-ға тендерге қатысу үшін екі ЖШС ұсыну қажет екенін, оның қорытындысы бойынша біреуіне шарт жасалатынын көрсеткен. Сонымен қатар А. келісімшарт жасалатын ЖШС-ның 10 пайыздық үлесін және мәселені шешуде делдалдық жасағаны үшін 100 000 АҚШ долларын талап еткен. 2023 жылғы 9 және 13 шілдеде К. А.-ға 250 000 АҚШ долларын аударған, бұл – 111 335 000 теңгеге тең. Сотталушының кінәсі куәлардың, сотталушының айғақтарымен, жасырын тергеу әрекеттерімен және қылмыстық істің басқа материалдарымен дәлелденеді.
Тараптар қандай ұстанымға келді?
Сотта прокурор сотталушыны мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқаруға өмір бойына тыйым сала отырып, 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушы ақшаны қарыз ретінде алғанын көрсетіп, өз кінәсін мойындамады.
Қандай жаза шықты?
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында аса ірі мөлшерде алаяқтық жасау (ҚК 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы) және аса ірі мөлшерде пара беруге айдап салу (ҚК-нің 28-бабының 4-бөлігі – 367-бабының 4-бөлігі) бойынша А.-ға (ЖШС директорының орынбасары) қатысты үкім шықты.
Сот сотталушының 3 баласы болуын оның жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін мән-жай деп таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот үкімімен А. ҚК-нің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармақшасында және 28-бабының 4-бөлігі – 367-нің 4-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқаруға өмір бойы тыйым сала отырып, түпкілікті 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова