Премьер-министр облыс әкімдерін сынға алды

Премьер-министр Әлихан Смайылов Инвестициялық штабтың отырысында облыс әкімдерін сынға алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап. 

Ұлттық экономика вице-министрі Ілияс Өсеров 2022 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 15,1 триллион теңге (жылдық жоспардың 94,2 пайызы) болғанын, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 7,9 пайызға артық екенін баяндады. Жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік және қоймалау сияқты салаларда өсім тіркелді.

Орталық мемлекеттік органдар арасында жылдық жоспарды Ғылым және жоғары білім (121,8 пайыз), Денсаулық сақтау (103,5 пайыз), Оқу-ағарту (102,3 пайыз) министрліктері орындады. Ең төмен көрсеткіштер Экология және табиғи ресурстар (79,4 пайыз), Мәдениет және спорт (72,5 пайыз) министрліктеріне тиесілі.

Өңірлер арасында Ұлытау (75,6 пайыз), Атырау (84,2 пайыз) және Жамбыл (86,5 пайыз) облыстары аутсайдер болып отыр. Нысаналы индикаторларға қол жеткізбеудің негізгі себептері – жер учаскелері мен техникалық шарттарды беру рәсімдерінің созылып кетуі, қажетті инфрақұрылымның дайын болмауы, сондай-ақ геосаяси ахуалдың күрделенуі.

Қабылданып жатқан шаралар туралы Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов және Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов баяндады.

Премьер-министр Ұлытау облысында құны 27,1 миллиард теңге болатын бес ірі жоба іске аспай қалғанын атап өтті.

"Өңірдегі негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша жетпей қалған сома 50 миллиард теңгеден асады. Әкімдік бұл олқылықты жаңа жобалар есебінен толтыруы тиіс еді. Облыстың әлеуетін пайдалана отырып, қосымша инвестициялар тартуды және туындайтын проблемаларды уақытылы шешуді қамтамыз етуі қажет еді", - деді Әлихан Смайылов.

primeminister.kz

Үкімет басшысы Атырау облысында да өңірдің зор әлеуеті мен қорлары толық іске қосылмағанын атап өтті.

"Инвестициялардың 60 пайыздан астамы Теңізшевройл және KPI ірі жобаларына тиесілі. Өңір басшылығы индикатордың орындалмауын жоғарыда бұл жобалар бойынша инвестициялар көлемінің төмендеуімен байланыстырып отыр. Әкімдік осы жобалардың аяқталу мерзімін болжап, өсімнің қосымша көздерін алдын ала іздестіруі керек болатын", - деді Әлихан Смайылов. 


primeminister.kz

Сонымен қатар, Премьер-министр Жамбыл облысында салынған инвестициялардың үштен бірі бюджет қаражаты есебінен болғанын атап өтті.

"Әкімдік бірқатар маңызды жобаны, соның ішінде кальцийленген сода өндірісі мен минералды тыңайтқыштар шығаратын зауытты іске асыруды кешіктіріп отыр. Өңір басшылығы жаңа инвестициялар көлемін ұлғайту жөніндегі жұмысты күшейтуі қажет", - деді Үкімет басшысы.

Жалпы, Әлихан Смайылов инвестиция тартуда көш соңында қалған облыс әкімдіктерінің жұмысын сынға алды.

"Кейбір өңірлерде инвестиция 1-2 пайызға ғана өскен, әкімдіктер оны жетістік деп түсіндіруге тырысты. Бірақ бұл жақсы көрсеткіш емес, жүйелі жұмыстың жоқтығының белгісі. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес республика бойынша өсім 8 пайызды құрады. Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай негізгі капиталға салынған инвестициялар деңгейін ЖІӨ-ге 25 пайызға дейін арттыру міндетін қойды. Бұл жыл сайын өсім 10 пайыздан жоғары болуы керек дегенді білдіреді", - деді Үкімет басшысы.

Отырысты қорытындылай келе, Әлихан Смайылов өңір басшылары мен министрлер сын-ескертпелерді ескеріп, өткен жылғы олқылықтарды түзету бойынша шаралар қабылдауы қажет екенін атап өтті.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!